Көктемгі су тасқыны бақтың 80%-ын шайып кеткен
БҚО-да ерекше алма бағы құрып кетудің алдында тұр. Оралға жақын жерде орналасқан Сергей Иванович Исаевтың құрметіне арналған халықаралық эксперименттік коллекциялық тәлімбақ 7,6 гектарды қамтиды. Көктемгі су тасқыны кезінде бақтың 80%-ын су шайып кеткен, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ бұл баққа қаражат бөлу кезінде осы аймақтағы бақша өсімдіктерінің генофондының жалғыз иесі ретінде ерекше мәртебе беру жөнінде резолюциясын шығарған. Алайда шығынды өтеуге келгенде мемлекет қарапайым жер аумағы ретінде есептеп төлеген.
Он жылдан бері әйелім екеуміз өкіметтен бір тиын алмай, өз күшімізбен жасадық. Бұрын халықаралық тасымалмен айналысатын бизнесмен едім. Сол бизнесімді жауып, ақшамды осы баққа салдым. Үлкен үйімді де сатып осында құйдым, дейді тәлімбақ иесі Қайрат Кәкімов.
Оның айтуынша, тасқын салдарынан ерекше бақтың 70-80%-ы өліп қалған. Өлмегендерінің өзі астындағы нәрі түгел зақымданған. Мұндай түптер қысты көтере алмайын деп тұр.
Қазір ғалымдармен сөйлесіп жатырмыз. Кей тұқымды қайдан алуға болатынын білеміз. Оны жинармыз. Ал таба алмайтын, кездеспейтін тұқымдарды қайықпен жүріп, бұтақтарын кесіп алып жатырмыз. Оларды ауылда өсіріп жатырмыз. Кейін оларды осы баққа әкелеміз, дейді Қайрат Кәкімов.
Жалпы бұған дейін БҚО облыстық мәслихатынан осы мәселені көтеріп Үкіметке депутаттық сауалдар жолданған. Одан бөлек, кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық ұйымдар да қозғау салған. Тек «жоғары жаққа барғанда бәрі тіреліп қалатын бір «қабырға» бар деп есептейді.
Айта кетейік, Сергей Иванович Исаевтың атындағы халықаралық эксперименттік коллекциялық тәлімбақта алма тұқымдарының бай генофонды жиналған. Мұнда су тасқынына дейін 200-ден астам алма тұқымы өсіп тұрған. Оның үстіне, әрі қарай селекциялық жұмыс жүргізуге қажет өте құнды материал. Арасында салмағы 500 грамнан асатын сары алмалар, 400 грамдай тартатын қызыл алмалар болған.
Олардың биохимиялық құрамы өте жоғары әрі денсаулыққа өте пайдалы. Өйткені, климат күрт құбылмалы, суық болған сайын, биохимиялық құрамы да арта түседі. Жазбен қыстың, күн мен түннің құбылмалы температурасы өте жоғары. Бізде температура қыста -40 градусқа дейін түссе, жазда +40-қа дейін көтеріледі. Ал тамызда жазда күндіз қатты ысиды да, түнде далаға киімсіз шыға алмайсың. Осы құбылмалылықтың бәрі алманың құрамын жақсартады. Тіпті, жылы жақтарға қарағанда біздегі алмалардың биохимиялық құрамы өте жоғары екені ғылымда дәлелденген, дейді Қайрат Кәкімов.
Сондықтан, алма бағының иесі өтемақы бергенде жәй бақша ретінде емес, «өте құнды генофонды бар, коллекциялық құрамы мықты ғылыми бақша» деген стратегиялық ерекше статуспен төлеуді сұрайды. Өйткені, қазірдің өзінде жойылып кеткен тұқымдарды тауып әкеп, орнын толтыруды былай қойғанда, жәй осы қалғанын қалпына келтірудің өзіне 1,5 млн доллардай қажет. Оның айтуынша, бұл баққа осыдан 3-4 жыл бұрын да қаражат бөлдіретін болып, премьер-министрдің хаттамасы шыққан. Бірақ, құжат шыққанымен, тапсырма орылдалмай қалған.