Қонаев қаласындағы атыс: прокуратура мәлімдеме жасады
Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, екіншісі ауыр жарақат алған
Алматы облысының прокуратурасы 26-шы маусымда Қонаев қаласындағы атыс оқиғасы жайлы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Биылғы 26 маусымда Қонаев қаласында 20 жастағы азамат оқ ату жарақатынан қаза болды. Ал екінші азамат ауыр дене жарақаттарын алды. Біз қоғамның алаңдаушылығын түсінеміз және қылмыс құрбандарының отбасылары мен жақындарына шын жүректен қайғыларына ортақтасамыз», – деді Қонаев қаласының прокуроры Айдос Шорманов.
Ресми түрде хабарлаймыз, бұл қылмыстық істі прокуратура органдары ерекше бақылауға алған. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен алты адам ұсталды. Тергеу сотының санкциясымен олардың барлығы қамауға алынды, – деді маман.
Олардың әрекеттері Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды. Қонаев қаласының прокуратурасы осы іс бойынша барлық әрекет еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізілетінін растады.
«Біз барлық мән-жайды анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуға бағытталған объективті және бейтарап тергеу жүргізілетініне кепілдік береміз. Барлық азаматты, осы қылмысқа қатысы бар тұлғаларды жауапкершіліктен босатуға тырысудың ешқандай әрекеті қабылданбайтынына сендіргіміз келеді», – деді ол.
Тергеуге көмектесетін қандай да бір ақпаратқа ие адамдарды прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз. Сондай-ақ, Қазақстан заңнамасында жалған мәлімет таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз, – деді Шорманов.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Сол себепті іс туралы өзге де ақпарат жария етілмейді. Сондықтан барлық азаматтан кез келген мәлімдеме мен болжам жасаудан бас тартуды, ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды өтінеміз, деп түйіндеді прокуратура.