Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Индонезия мәдениет саласында ынтымақтастық орнатпақ

Екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 30 жылдан асты

 Қымбат Елтайқызы 03.07.2024 | 17:09
Қазақстан мен Индонезия мәдениет саласында ынтымақтастық орнатпақ
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов Индонезия Білім, мәдениет, зерттеулер және технологиялар министрлігі Мәдениет басқармасының бас директоры Хильмар Фаридпен және Индонезияның ҚР-дағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахманмен кездесті, деп мәлімдеді Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Ербол Әліқұлов өткен жылы Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толғанын атап өтті.

Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық шеңберінде тығыз және сенімді қарым-қатынас орнатты. Қазір біз екі елдің мәдени іс-шараларға қатысуы арқылы бірлескен жұмысты жандандыруымыз қажет, – деді Ербол Әліқұлов.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы меморандумға 2013 жылы қол қойылған. Енді серіктестер өзара байланыс аясын кеңейтуге ниетті.

«Қазақстан мен Индонезияның ортақ тұстары көп. Біз – көпұлтты және көпмәдениетті мемлекетпіз. Біздің ынтымақтастығымыз одан да тиімді әрі жемісті болатынына сенімдімін», – деді Хильмар Фарид. Сонымен қатар екі елде де алмасу бойынша оқитын студенттер санын көбейтуді ұсынды.

Жиын соңында қатысушылар бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер, музыка, театр және кинематография саласындағы ынтымақтастықты қарастыруға және нығайтуға дайын екендіктерін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама