×

«Жасыл ел-Тараз» мекемесі кәсіпкерлерге 800 млн теңге берешегін қайтармаған

Билік өкілдері көпті сабырға шақырып әлек

 Еркеғали Болатұлы 07.06.2022 | 09:30
фото: ашық дереккөз

«Жасыл ел-Тараз» мекемесіне түрлі қызмет көрсеткен компаниялар бір жылдан бері ақшасын ала алмай жүр. Әкімдікке қарасты серіктестіктің кәсіпкерлерге 800 миллион берешегі болса да ақшасын қайтаруға құлықсыз.

КТК телеарнасы істеген еңбегінің ақысын ала алмай қиналаған бұқараның облыс басшысынан араша сұрап келгенін хабарлады. «Өйткені қала әкімінен қайран жоқ» депті жиналғандар.

«Жасыл ел-Тараз» – әкімдікке қарасты қала тазалығына жауапты мекеме. Былтыр серіктестікпен 100-ден аса кәсіпкер келісімшарт жасасып, көріктендіру, абаттандыру сынды жұмыс атқарған.

Жалпы біздің фирмаға 18 миллион теңге қарыз. Біз сол ақшадан салық төлей алмай, айлық бере алмай, басқа да жұмыстарға қатыса алмай отырмыз, - дейді Нұржан Ниязалиев атты кәсіпкер.

Олардың айтуыларынша, мекемеден о баста келісілген соманың тек 20 пайызын ғана алған. Өзгесін кейін төлеуге уәде берілген.

«Жұмыс басталатын кезде келісімшарт жасалды. Сомасы, бәрі көрсетілген, мөрі басылған. Енді ақша аударатын кезде келісімшарт дұрыс емес дейді», - деп күйінді Ерлан Әлімбек атты кәсіпкер.

Ал жергілікті билік өкілдері көпті сабырға шақырып әлек. Айтуыларынша, жағдайға «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің бұрынғы басшысы кінәлі. Ол кәсіпкерлермен заңсыз келісім жасасқан.

Барлық келісімшарт бір көзден қағаз жүзінде болған, электронды портал арқылы емес. Сондықтан біз оны төлей алмаймыз. Қазір тек қана сот шешімі арқылы ғана төлейміз. Бұл кісілердің бәріне түсіндіру жұмысы жүргізілген. Қазір төлеудің жолын қарастырып жатырмыз, - дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-нің директоры Азамат Әбішев.

Кәсіпорынның былыққа белшеден батқаны белгілі болды. Жалпы, 2 миллиард теңгеге жуық берешегі бар екен. Сол үшін есепшоты да бұғатталған. Бұл соманың 800 миллионы кәсіпкерлерге тиесілі. Әкімдік оны қайтару үшін сотқа жүгінбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама