×

Жамбыл облысы ауылдарында 4 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген

Тұрғындары ішімдіктен бас тартқан

 Динара Амантай 03.07.2024 | 16:24
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында 4 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдар бар, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сарысу ауданының Жаңаарық ауылдық округі – ең үлгілі ауыл атағына үміткер. Мұнда соңғы 4 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауылдық округке Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдары кіреді. Онда 1700-ге жуық адам тұрады. нОкругтегі үш дүкенде алкоголь мен темекі сатылмайды. Мұндай шешімді тұрғындар жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру үшін ақылдаса отырып қабылдаған. Нәтиже бірден байқала бастады. Бұл бастама қылмыс пен құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ отбасылық жанжалдардың алдын алады.

Сонымен бірге мұнда учаскелік полиция инспекторының құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмысы да маңызды рөл атқарады. Учаскелік инспектор Сағынғали Саламатов 5 жылдан бері Сыздықбаев ауылында тұрады. Ол өз аумағындағы ахуалды толық меңгеру үшін жүйелі шаралар қолданады: рейдтер жүргізіп, полицияда есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді, азаматтық қару иелерінің ережелерді сақтауына тексерулер жүргізеді. Сағынғали Саламатовты барлық тұрғын біледі. Егер ауылдық округке сырттан қонақ келсе, учаскелік полиция қызметкеріне бұл туралы дереу хабар беріледі.

Тұрғындар өте тату, әрі белсенді. Маған барлық жағдайда көмектесуге тырысады. Мен олардың сенімін ақтап, өз уақытым мен күш-жігерімді азаматтардың тыныштығы үшін аямай жұмсаймын. Бұл менің міндетім деп білемін. Тіпті кішігірім тұрмыстық дауларды медиация арқылы шешуге тырысамыз. Ауылдардағы жағдай тыныш болса да, мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Өйткені, бірнеше жылдар бойы бірлескен күш салумен қол жеткізген көрсеткішті сақтау мен үшін өте маңызды, – деді полиция қызметкері.

Жамбыл облысында осындай үлгілі ауылдар аз емес. Бес ауданда 12 ауылдық округ алкогольден бас тартқан. Нәтиже барлық жерде бірдей: олар ең қауіпсіз ауылдар деп танылды. Бұл жұмыста ауыл тұрғындарының даулы мәселелерін шешуге көмектесіп, барлығын бейбітшілік пен келісімге шақыратын ауыл ақсақалдарына үлкен рөл беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама