Қылмыс жасаған кезде ер адам мас болған
31 қаңтарда Жітіқара қаласында жалған терроризм дерегі тіркелді. 112 жедел нөміріне белгісіз біреу телефон соғып, алдағы лаңкестік әрекеті туралы хабарлаған. Алайда жедел іздестіру шараларынан кейін ақпарат расталмады.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Тергеу телефон соғу кезінде ер адамның мас болғанын анықтады. Қылмыскерлерді жылдам анықтауға мүмкіндік беретін заманауи технологиялардың көмегімен күдікті хабарламадан кейін бірден қамауға алынды, – деді полиция қызметкерлері.
Іс сотқа жолданып, сот күдіктіні 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сотталушы қылмыс орнына барған арнайы қызметке материалдық шығынды, сондай-ақ қажетті сараптамаларға жұмсалған сомаларды төлеуге міндетті. Үкім заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ақтөбе облысында бірқатар ЖОО-ның ғимаратына бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама келіп түскенін жазған болатынбыз. Сонымен қатар Петропавлда террористік акт туралы жалған ақпараттың салдарынан ірі сауда үйінен 700 адам эвакуацияланған еді.