«Қырғызстаннан құтырмаға шалдыққан малдың еті жеткізілді»: министрлік түсінік берді
Одан бәліш пісіріп, жол үстінде сатады деген де мәлімет тарады
АШМ Қырғызстаннан құтыру ауруына шалдыққан мал етін елге әкелу дерегін жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
WhatsApp-та тараған аудио хабарламада Қырғызстаннан құтыру ауруымен ауырған малдың еті Қазақстанға әкелінгенін айтылады. Одан бәліш пісіріп, жол үстінде сатады екен. Бұл – ескі фейк.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
2011 жылғы 19 қазанда ауыл шаруашылығы жануарларының аусыл ауруы бойынша енгізілген қолданыстағы шектеуге байланысты Қырғыз Республикасы аумағынан ауыл шаруашылығы жануарлары, сондай-ақ сиыр, қой және шошқа еті әкелінбейді. Егер етті контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеті расталса, шекарада бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданады, – делінген ведомство хабарламасында.
Дәл осындай аудио хабарлама танымал мессенджерде 2021 жылы тараған болатын. Яғни, бұл – бұрын тараған жалған мәлімет.
Айта кетейік, Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекарада 4 ветеринариялық-бақылау бекеті жұмыс істейді: Қарасу, Қордай, Сыпатай Батыр және Айша-Бибі. Онда ветеринариялық инспекторлар бақылауға жататын тауарларды әкелу, әкету мен транзиттеу кезінде құжаттамалық, физикалық және зертханалық тексеру жүргізеді.