Тоқаев Қытай төрағасына алғыс айтты
Былтыр қос ел арасындағы сауда айналымы 41 млрд долларға жеткен
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, алғыс айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Жоғары мәртебелі төраға, сізбен елордамыз Астанада кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Мұны ең алдымен Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалаймын, - деді Тоқаев Ақордада.
Президент Қазақстан Қытаймен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.
Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгерлерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады, - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қос ел арасында сауда-экономикалық байланыс күшейгенін атап өтті.
«Екі ел арасындағы байланыс әлеуметтік, экономикалық дамуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазір 45 ортақ инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жалпы құны – 14,5 млрд доллар. Өнеркәсіп, энергетика, көлік транзиті, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларды қамтиды. Сонымен бірге екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы жандана түсті», - деді президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында шешімін таппаған мәселе жоқ екенін айтты.
Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз. Ежелден біздің халқымыз арасында өзара қолдау негізінде тығыз сауда және гуманитарлық байланыстар белсенді дамып келген. Халқымыз Ұлы жібек жолынан бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған.
Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес, жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен оған кәміл сенемін. Бір сөзбен, біз осы сара жолды міндетті түрде жалғастырамыз. Халқымыздың арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей береміз. Бүгінгі келіссөз нәтижелері – соның айқын дәлелі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Си Цзиньпин де қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.
«Құрметті президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз мемлекет басшысы қызметіне кіріскен сәттен бастап реформалар мен елдің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгерілетіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясатта тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабылдадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіздің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз. Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді», – деді Си Цзиньпин.
Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қытайдың Қазақстанға басымдық беретінін, Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайтынын айтты.