Жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 900-ге жуық азамат жауапқа тартылды
Астананың халықаралық әуежайында шлагбаумды қолмен көтерген тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ер адам халықаралық әуежайдың тұрағынан шығып бара жатып, қолымен автоматтандырылған шлагбаумды көтеріп, сол арқылы өз әрекетімен бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтірген. 32 жастағы Астана тұрғыны қасақана жасалған әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен ол ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Айта кетсек, елордада жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 900-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін 164 адамға айыппұл салынды.
Бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен немесе айрықша арсыз әрекеттерді жасау арқылы айналасындағыларға құрметсіздік көрсете отырып, қоғамдық тәртіпті қасақана бұзу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз. Бұл қылмыс 2 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлдан екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады, – делінген полиция хабарламасында.