Halyq Uni логотип
×

ШҚО-дағы «Рахман қайнары» шипажайы сатылымға шығарылады

Шипажай 2021 жылдан бері жұмыс істемейді 

 Айнұр Шошаева 02.07.2024 | 11:44
ШҚО-дағы «Рахман қайнары» шипажайы сатылымға шығарылады
фото visiteast.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы «Рахман қайнары» шипажайын сауда-саттыққа шығару процедурасы жүріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті редакцияның ресми сауалына берген жауабында айтты. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен   оның аумақтық органдары республикалық меншікке айналдырылған (түскен), сондай-ақ тәркіленген мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының № 2 сотының 04.04.2024 жылғы №6311-24-00-2-2м/521 қаулысының негізінде департамент есебіне (теңгерімге алусыз) Катонқарағай ауданы, «Рахман қайнары» шипажайы мекенжайында орналасқан бірқатар жылжымайтын мүліктер қабылданған. «Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен бекітілген қағидасының негізін басшылыққа ала отырып, аталған жылжымайтын мүліктерді бағалап, сауда-саттыққа шығару процедурасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мүліктерді бағалауға бағытталған іс шаралар жүзеге асырылуда, - делінген департамент жауабында.

Сондай-ақ ведомство мүліктерді бағалау прорцедурасы аяқталысымен, мүліктер оны сатуға дейін веб-портал арқылы мемлекеттік заңды тұлғаларға олардың теңгеріміне беру үшін ұсынылуға жататынын атап өтті.

Еске салсақ, «Рахман қайнары» Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында орналасқан еліміздегі танымал шипажайдың бірі, жұмысын 1960-жылдары бастаған. 2002 жылы шипажай «Бипэк-авто» компаниялар тобының меншігіне өткен. 2021 жылы бұл компанияның жетекшісі, елдегі белгілі автобизнесмен Анатолий Балушкинге алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда бизнесмен шетелге қашып кетіп, Бас прокуратура іздеу жариялайтынын хабарлады. Балушкин  230 млрд теңгеден астам ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, ақша салықтарды төлеуге, сондай-ақ автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыру зауытын салуға арналған. 2022 жылдың жазында тергеу органдары іздеуде жүрген кәсіпкерден 1 000 бірлік жылжымалы мүлікті және 77 жылжымайтын мүлікті тәркілеуге өтініш берген. Оның ішінде ішінде ШҚО-дағы белгілі демалыс орындары «Рахман қайнары» шипажайы, «Нұртау» және «Порт Фортуна» демалыс базалары бар.

«Рахман қайнары» шипажайы 2021 жылдың 1 маусымында әлеуметтік желідегі парақшаларында өз жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Содан бері шипажай келушілер үшін жабық тұр.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті компанияға тиесілі басқа екі демалыс орны - Глубокое ауданында орналасқан  «Нұртау» шаңғы базасы мен Алтай ауданындағы «Порт Фортуна» демалыс базаларына қатысты еш мәлімет жоқ екенін атап өтті.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама