×

Елімізде мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі

Олардың жәрдемақыдан басқа тағы қандай көмекке жүгіне алатыны айтылды

 Қымбат Елтайқызы 02.07.2024 | 10:32
фото: Halyq Uni

«Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі?» деген Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанова жауап берді.

«Былтырғы жылы қабылданған Әлеуметтік Кодекс шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылған болатын.

Биыл мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны 547 мың 146 адам, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақыны 106 мың 753 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 188 мың 174 адам алады деп жоспарлап отырмыз.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемге 2024 жылға 34,1 млрд теңге көзделген. 2024 жылғы 4 айда төлемді 62 мыңға жуық адам алушы болып саналады.

Халықты әлеуметтік қорғау саласында мүгедектігі бар балаларға (психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар) туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне тең жағдайларда қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер) стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында ұсынылады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде 90-ға жуық баланы қамти отырып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1,4 мыңнан астам баланы қамтитын психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған стационарлық үлгідегі 17 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бүгінде жартылай стационарлық және үйде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама болып саналады және баланы отбасында сақтауға бағытталған.

78 күндізгі ұйымда 4 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ, 1,8 мыңға жуық балаға 23 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда елімізде барлығы 151 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 11 мыңнан астам бала қызмет алып жатыр.

Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларға арналған 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады. Атап өтсек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 50 баланы қамтитын 1 ұйым (жартылай стационар жағдайында) жұмыс істейді.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2021-2025 жылдар аралығында еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Абай, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында (200 орынға) 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады», – дейді маман.

Елімізде 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмек және жеңілдік түрлері. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қандай мөлшерде жәрдемақы төленеді. Мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалар шипажайда демала ала ма – министрлік жауабы. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың білім алуы мен еңбек етуіне арналған жеңілдіктер тізімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама