Қазақстанда мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі
Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға жәрдемақыдан басқа бірқатар арнаулы көмек көрсетіледі
Қазақстанда ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттен бірқатар қолдау шаралары көрсетіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанованың мәліметінше, өткен жылы Қазақстанның Әлеуметтік кодексі қабылдғанған. Соның аясында былтырғы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері айтарлықтай ұлғайған. Бүгінде елімізде 547 146 қазақстандық мүгедектігіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы алады.
«Сонымен қатар биыл мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 106 753 ата-анаға мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Бұдан бөлек асыраушысынан айырылған 188 174 қазақстандыққа жәрдемақы төлеу көзделіп отыр, - деді департамент директоры редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ биылғы жылы үкімет асыраушысынан айырылған азаматтарға төленетін жәрдемақы мөлшерін арттыруды жоспарлап отыр. Мәселен, осы жылға бюджеттен аталған мақсатқа 34,4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Тек осы жылдың төрт айында бұл төлемді 62 мыңға жуық қазақстандық алды.
Айта кетейік, елімізде психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға әлеуметтік мәселелерді еңсеру және кедергісіз қоғамға қол жеткізу үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынылады. Атап айтқан арнаулы қызметтер әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік тұрмыстық, психологиялық, еңбек, педагогикалық, мәдени, құқықтық және экономикалық қызметтерді қамтиды. Әрі бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер үйде күтім жасау, стационар мен жартылай стационар жағдайында көрсетіледі.
Динара Жұбанова бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы барын атап өтті. Ол 90-ға жуық баланы қамтиды. Сонымен қатар 1,4 мыңнан астам баланы қамтитын психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған стационарлық үлгідегі 17 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Айта кетейік, жартылай стационарлық және үйде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама болып есептеледі. Әрі ол баланың отбасында тәрбиленуіне көздейді.
Министрліктің ұсынған мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні елімізде 78 күндізгі ұйымда 4 мыңға жуық бала қызмет алып жатыр. Бұдан бөлек, 1,8 мыңға жуық балаға 23 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 151 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 11 мыңнан астам бала қызмет алуда.
Мемлекеттік орталықтардан бөлек, жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар үкіметтік емес ұйымдар да көрсетеді. Мысалы, арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларға арналған 182 үкіметтік емес ұйым ұсынып отыр. Елімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 50 баланы қамтитын 1 ұйым (жартылай стационар жағдайында) жұмыс істейді.
Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметімен қамту үшін министрлік төрт жыл ішінде 12 өңірде оңалту орталығын ашуды жоспарлап отыр. Нақты айтқанда 2021-2025 жылдар аралығында Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Абай, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жаңа орталық салынуға тиіс. Олардың әрқайсысы 150 орынға есептелген.
Еске салсақ, бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 725 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты.