Елімізде 11 мыңнан аса әйел алимент төлеуден жалтарған
Жыл басынан бері 1,8 мыңнан аса борышкер жауапқа тартылды
Бүгінде Қазақстан бойынша сот орындаушыларда 291 мың алимент өндіріп алу туралы атқарушылық іс жүргізу құжаты бар. Оның ішінде 281 мың борышкер – ерлер және 11 мыңнан астам борышкер – әйелдер. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли брифинг барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері проблемалық алименттер саны бойынша 16 197 іс өндіріске алынып, қарыз мөлшері 20,7 млрд теңгеге жеткен. Қазір проблемалық алименттер 21%-ға дейін төмендеді, яғни 13 млрд теңгеге өндіріске алынған 12 883 іс бар. Орташа алғанда алимент өндірісінің 95%-дан астамы сот орындаушыларының талаптарын еш қиындықсыз орындайтын жұмыс берушілердің есептік қызметтері арқылы өндіріледі.
Қазір 7 мыңнан астам борышкерге қатысты Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеулер қойды.
Талғат Уәли борышкерлерді жұмысқа орналастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазір 13 022 борышкер жұмысқа орналастырылды.
Жыл басынан бері алимент бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін 1 875 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 304 іс тіркеліп, оның ішінде 115 іс сотқа жіберіліп, 55 борышкер сотталды, – деді спикер.