Halyq Uni логотип
×

Шетелге заңсыз шығарылған 63 млрд теңге қайтарылды

Бас прокуратурада аралық қорытынды жасалды

 Динара Амантай 01.07.2024 | 13:13
Шетелге заңсыз шығарылған 63 млрд теңге қайтарылды
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Бас прокуратурада облыс прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлардың қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн қосылуымен 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталған кезеңде прокуратура органдары балаларды қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ел басшылығының бақылауындағы басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шаралар қабылдай отырып, тексерулер мен талдауларды аяқтады. Су тасқыны салдарын жою кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып, зардап шеккен тұрғындарға баспана салу жұмыстарының барысы бақылауға алынды.

Жиында еңбек қатынастары саласында прокуратура қабылдаған шаралармен 87 мың адамның құқығы қалпына келтіріліп, 3 мың қызметкердің алдында 202 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өндіріп алынғаны айтылды. Мемлекет басшысының инвестициялар бойынша берілген тапсырмасын іске асыру шеңберінде прокурорлар 32 трлн теңгеге 770 инвестициялық жобаны сүйемелдеп, 350 инвесторға көмек көрсеткен. Бұл инвесторлардың экономикаға қосқан үлесі – 6,4 трлн теңге. Сондай-ақ «Прокурорлық сүзгі» арқылы мемлекеттік органдардың 2300 материалы өтті. Қарау нәтижелерімен шектеулер бойынша 31 іс, тексеру тағайындау бойынша 71 іс, әкімшілік іс жүргізуді қозғау бойынша 170 іс келісуден бас тартылды.

Бұған қоса бүгінде 44 мың кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілгені белгілі болды. Оларға қатысты мемлекеттік органдардың 6 мыңнан астам тыйым салу және шектеу шаралары жойылған. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік кірістер желісі бойынша болды (6050). Жалпы, әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлардың актілері бойынша 2,5 млн адамның құқығы қалпына келтірілді. Бюджетке келтірілген 41 млрд теңге көлемінде залал өтелді. Бұл бағытта 167 қылмыстық іс қозғалып, 75 адам сотталды.

Активтерді қайтару бойынша мемлекетке 312 млрд теңге, оның ішінде шетелден 63 млрд теңге қайтарылды. 50 млрд теңгеге 513 мың гектар олигополия жері тәркіленді, – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Ведомство өкілдері мәлімдегендей, елімізде қылмыс деңгейі 8 %-ға төмендеген. Атап айтқанда тіркеу дерегі 61 422-ден 56 369-ға дейін азайған. Тергеу барысында заңдылықты қамтамасыз ету аясында прокурорлар 800-ден астам азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартудың жолын кесті. Конституциялық құқықтың бұзылуы үш еседен астам төмендеді. Прокурорлардың наразылығы мен өтініші бойынша 34 сотталушының жағдайы жақсарып, 2 адам ақталды. Сондай-ақ  заңсыз ұсталған 708 адам босатылды.

Сонымен бірге биыл арнайы прокурорлар бірқатар резонанстық істер бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді.

Конституциялық сотта 10 іс жүргізу бойынша құқықтық қорытындылар берілді. Бас прокурордың 2 жолданымы бойынша оң шешімдер шығарды.

Халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр. Биыл Кипрмен сотталғандарды беру туралы және Катармен құқықтық көмек көрсету және ұстап беру туралы халықаралық шарттарға қол қойылды. Олар Парламентте ратификацияланып жатыр. Басқа елдерден шетелде жасырынған іздеуде жүрген 13 адам экстрадицияланды.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас прокурор негізгі міндеттерді белгілеп, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама