Үкімет басшысы қаулығы қол қойды
1 шілдеден бастап орманшылардың жалақысы көбейеді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Осылайша, еліміздегі орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы алады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру стансалары, орман мекемелері, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдары қызметкерлері лауазымдық жалақысына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Оның ішінде орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналары жүргізушілері, тракторшы-машинист, радиооператор, өрт сөндіру машиналары, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасын бақылаушылар бар. Сондай-ақ 113 авиациялық күзет өрт сөндіруші-десантшысының жалақысы көтеріледі, – деп жазылған хабарламада.
Бұған республикалық бюджеттен шамамен 8,5 млрд теңге көзделген.
Жалпы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақы алады.