1995 және 1997 жылы туған күдіктілерге іздеу жарияланды
Қонаев қаласында атыс болып, бір адам көз жұмды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің орынбасары Қонаев қаласында атыс болғанын растады.
Мұндай дерек болғанын растаймын. Қонаевта осындай оқиға болды. Ауруханаға оқ тиген 2 адам түсті, 1 адам көз жұмды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Конфликтіге қатысқандардың барлығы анықталды. Қазір оларды ұстау шарасы жүргізіліп жатыр, - деді Марат Қожаев Сенат кулуарында.
Сондай-ақ Алматы облысының полиция департаменті күдіктілерге іздеу жарияланғанын хабарлады.
Айта кетсек, Қонаевта атыс болғаны туралы ақпарат Telegram арнасында жарияланған болатын. Атыс салдарынан 2003 жылы туған жігіт қайтыс болған. Зардап шеккен тағы бір адам ауруханада, ал 1995 және 1997 жылы туған күдіктілерге іздеу жарияланған.
Қазір қылмыс жасады деген күдіктілерді ұстауға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл іс облыстық департамент басшылығының ерекше бақылауына алынған, - деп жазылған хабарламада.