Мұндай отбасыларға бюджеттен 100 млрд теңге бөлінеді
Қазақстанда бұралқы иттерді уақытша ұстауға айына 90 мың теңге, көпбалалы отбасындағы бір балаға айына 14 мың теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында ол өңірлерден жердемақы мөлшеріне қатысты көп сұрақ қойылатынын жеткізді. Оның пікірінше, мұнда әділетсіздік бар.
Бұралқы иттерді уақытша ұстауға айына 60 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін, ал түзету мекемелеріндегі сотталушыларға 80 мың теңгеден 180 мың теңгеге дейін ақша бөлінеді. Ал көпбалалы отбасындағы бір балаға айына 14 мың теңге бөлінеді. Светлана Қабыкенқызы (Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрі), сіз ана ретінде айтыңызшы, бір баланы күніне 460 теңгеге асырауға бола ма? Осы ақша жеткілікті ме? Елімізде 1 млн-нан аса кедей отбасында өмір сүріп жатқан балалар бар. Енді министр ретінде айтыңызшы, бұл әділетті ме? - деді Гауһар Танашева.
Министр бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
Гауһар Шаймерденқызы, сіз – біздің жұмыс тобымыздың мүшесі саналасыз. Министрліктің құзыретіне кіретін барлық мәселе жұмыс тобының алаңында қарастырылады. Балаларды тәрбиелеп, асырап отырған отбасыларға 100 млрд теңге бөлініп отыр. Сіз (көпбалалы отбасыларға берілетін) жәрдемақының мөлшерін әр күнге бөліп, 400 теңге деп айтып отырсыз.
Біріншіден, сізбен кездесіп, бұл мәселені қарастырайық. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған отбасыларда қанша баланың мүгедіктігі бар, (қанша бала) әлеуметтік аурумен ауырғанына қатысты (зерттеу бар). Сол азаматтарды зерттеуге кіргізіп, Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс тобында мәселені қарастырып, бір шешімге келейік», - деді Светлана Жақыпова.