Биыл белгілі журналист, публицист, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің туғанына 70 жыл болады
Биыл әкем белгілі журналист, публицист, ғалым, қоғам қайраткері Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің туғанына 70 жыл болады. Осыған байланысты оқырман назарына әкем туралы естелік материалды ұсынуды жөн көріп отырмын. Назарларыңызға алдын ала рахмет айтамын.
Әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалин 1954 жылы 5 қарашада Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Жданов колхозында туған. Құжат бойынша туған күні 30 желтоқсан деп көрсетілген. Ол кішкентайынан елгезек, зерек болып өсті. Сөйтіп, білімге, өмірге деген құштарлығы мектепте үздік оқушы болуына әсер етті. Оның бойындағы барлық ізгі және өнегелі қасиеттер оқушы кезінен-ақ көрінді. Сонымен бірге ол оқушы кезінен бастап өнер мен мәдениетке жақын жүріп, Қайыңды ауылының айналасында болып жатқан жаңалықтарды аудандық, облыстық, әрісі республикалық газеттерге жазып тұрды.
Ол мектеп жасынан үлкен журналист, жазушы болуды армандады. 13 жасында жас тілші ретінде қолына қалам алды. Оның ең алғашқы мақаласы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрді. Кейін «Лениншіл жас» ( «Жас Алаш»), Қостанай облыстық «Коммунизм таңы», Торғай облыстық «Торғай таңы» газеттерімен шығармашылық байланыста болды. «Торғай таңы» басылымында жарты жыл курьер болып істеді.
Әкем оқушы кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектептің бүкіл қабырға газеттерін де шығаруды мойнына алды. Оның үстіне 6-7 сыныпта дружина кеңесінің төрағасы, кейін комсомол ұйымының хатшысы болды. Ол бір сұхбатында: «Мені шыңдаған да, сыннан сүріндірмей өткізген де сол қоғамшыл қасиет екен», деген еді.
Ол жастайынан әкесі, менің атам Ұлы Отан соғысының ардагері Омар Кенжалыұлы мен анасы, менің әжем «Ардақты ана» Алтын медалінің иегері Ұлмекен Төленқызының тәрбиесін көріп, ауылдастарының сенімін ақтауға тырысты. Бала кезімде апамның (әжемді осылай айтатынбыз) үнемі папам туралы: «Жұмабегім, менің маңдайымның жұлдызы ғой», деп айтатыны есімде қалыпты. Апам әкемді ерекше жақсы көріп, онымен мақтанып жүретін.
1971 жылы әкем Торғай облысы Арқалық ауданына қарасты Қайыңды ауылының орта мектебін бітірген соң, арман қуып Алматыға аттанды. Алайда, оқуға бірден түспесе де соған баз кешіп кеткен жоқ. Өйткені, ол кездері талап бойынша республикадағы жалғыз журналистерді дайындайтын факультетке түсу үшін еңбек өтілі қажет еді. Сол себепті ол ауылға қайта барып, қатардағы жұмысшы, электр дәнекерлеуші, мектепте мұғалім болып өмірді таныды. Осының бәрі кейін жастайынан қалам ұстап, қарапайым адамдардың мұң-мұқтаждарын жүрегімен айқын сезген жас жігітке оқуға түсіп, үздіктер қатарынан көрінуге ықпал етті. Ал екі жылдан кейін, 1973 жылы әскер қатарына алынды.
Армияда жүргенде де оның қолынан газет-журнал түспеді. Жазуды тоқтатпай, керекті кітаптарды алдыртып оқи берді. Осылайша, оның азаматтық борышын өтегеннен кейін жолы болып, армандаған С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің дайындық бөліміне қабылданды. Жас талапкер арманына жеткеніне шын қуанды. Өйткені, көпбалалы отбасынан шыққан оның өзінен басқа сүйенетін ешкімі болған жоқ еді.
Ол студент шағында намысқа тырысып, үздіктер қатарынан көрінуге талпынды. Сөйтіп, Лениндік стипендиат атанып, 3-курста Алматы қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. Осы жетістіктер еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасында келді.
Әкем бірқатар Дүниежүзілік және Бүкілодақтық жастар мен студенттердің форумдарына қатысты. Көзкөргендердің айтуынша, ол кімнің болсын назарын аудармай қоймайтын. Ақжарқын мінезімен, жігіттік мәрттігімен, сөзге беріктігімен қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, барлық шаруаны тындырымды атқара білетіндігімен көзге түсіп, журналистика факультетінің кәсіподақ комитетіне басшылық етті.
1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ) бітіргеннен кейін «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетіне тілші болып орналасты. Қазақ журналистикасының алыбы Сарбас Ақтаевтың айтуынша, сол кезден бастап ол терең мазмұнды, ойлы мақалалар жазып, газеттің беделін биіктетуге үлес қосты. Осы басылымның арқасында нағыз журналистика мектебінен өтті. Өзінен бұрын осындай еңбек көрігіне араласқан алдыңғы толқын ағаларының өнегесін көріп, тәлім алды.
Жұмабек Кенжалин еңбек жолын қазақ баспасөзінде бастаған жылдары қаламында қуаты бар, ойы орамды, тілі жатық қаламгерге айналды. Ол бала жастан газеттерге мақала жазып, өндірістік тәжірибеден өтіп, ысылған соң қай жерде істесе де жұмысына қиналмай төселіп кетті. Газетте кәдеге жарайтын дүниелерді өте жылдам жазды. Редакцияда іскерлігімен, жұмысқа берілгендігімен, жігерлігімен, ұйымдастыру қабілетімен де танылды. Беделді басылым бетінде өмірдің өзекті мәселелерін қозғаған мәйекті мақалалар жариялады. Осылайша, Жұмабек Омарұлы оқырман қауымға тез танылып, аз ғана уақытта ақпараттың ақбереніне айналды. Газетте тілшіліктен кейін бөлім меңгерушісі болып қызмет етті, – дейді ардагер қаламгер.
1980 жылдары әкеммен бірге қызмет еткен әріптестерінің айтуынша, талапты да талантты азаматты Ақселеу Сейдімбек «Білім және еңбек» («Зерде») журналына шақырды. Осы жерде жауапшы хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болып істеді. Журналда басшымен тіл табысып, ғылым мен техника жаңалықтарын насихаттаумен келген басылымның бағытын өзгертті. Журнал ұлт мәселесіне, ел тарихын, батырлар мен ел қамын ойлаған билер туралы жиі жазатын болды. Осы кезде ол Қанжығалы Бөгенбай батыр, Төлек Жәуке батыр туралы эсселер, сындарлы мақалалар мен очерктер жазып, көзге түсті. Бұл басылымда ол 1988 жылға дейін жұмыс істеді.
1988 жылы әкемнің «Желкілдеп өскен құрақтай» деген алғашқы кітабы жарыққа шықты. Осы жылы тәжірибесі толысқан журналисті бас басылым қайта шақырып алып, Кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі болып қабылдады.
Ол өзінің биік парасатты, терең білімді, іскер азамат екенін ұйымдастырушылық жұмыста да көрсетті. Газетте қолынан қаламы түспей, тынбай ізденіп еңбектенді. Бұл басылым оны қоғамда өзгерістер жүре бастағанда үлкен арнаға салды. Демократиялық дүмпулер басталып, балама пікірлер пайда болды. Бірақ, ол кеңес дәуірі кезіндегі журналистикаға адал қызмет етті. Өйткені, бұл кезең де оны жауапкершілікке үйретті, – дейді С.Ақтаев.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Халық кеңесі» газетін шығару жөнінде қаулы қабылдап, оның басшылығына «Социалистік Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі қаламгер Сарбас Ақтаев бекітілді.
Мен еш ойланбастан орынбасарлыққа Жұмабек Кенжалинді қаладым. Одан кейін Жұмабек Омарұлына бас редактордың бірінші орынбасары болу жауапкершілігі жүктелді. Газетке елдегі ең тәжірибелі, қаламы жүйрік деген журналистер жиналды. «Халық кеңесі» Парламенттің тынысына сай болды. Газет бір жылда 120 мың тираж жинады. Тілшілер редакция қоржынына түскен әр хатқа зор жауапкершілікпен қарап, Жоғарғы Кеңеске мәселе етіп көтерді. Оқырмандар хаттарының негізінде проблемалық зерттеулер жүргізіліп, талай проблемалар шешімін тапты. Сол кезде газет «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ғана емес, қорғаны мен қамқоршысына айналды. Бұл Жұмабектің қырыққа енді ғана ілігіп, бойда қуат, көзде от жалындап жүрген жылдары еді, – дейді ол.
1994 жылы әкем «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Бұл жылдар оны журналист ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де шыңдады. Қазақ тарихында «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы қандай рөл атқарса, Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыруда «Халық кеңесі» сияқты басылымдар да өз үлестерін қосты.
Жалпы, әкем қай басылымды басқарса да жаңашылдығы мен жанашырлығымен, ізденісі мен ірілігін қатар алып жүруден жалыққан емес. Ол «Халық кеңесі» газетінен кейін 1996 жылдан «Ақиқат» журналының басшысы, 1997 – 1999 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінің тізгінін ұстаған кезде қабілеті мен қасиеті ескерілді. 1999 жылдан 2006 жылға дейін «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, 2006 жылдың тамыз бен желтоқсан айлары арасында «Ана тілі» ұлт апталығының, 2006 жылдың желтоқсанынан 2009 жылдың ақпан айы аралығында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, 2009 жылдың ақпан айы мен 2017 жылдың шілде аралығында «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде аты аталған басылымдар күн құрғатпай құлпырып шығып тұрды.
Әкем газет-журналдарға басшылық еткен кезде еліміздің жер-жерінен талантты жастардың шығуына жол ашылды. Сонымен бірге жасы өзінен үлкен ауылдық жерде тұратын қарапайым адамдардың кеңінен танылуына мүмкіндік жасалды. 1990 – 2000 жылдары ол білікті де білімді басшылардың бірі болып танылды. Газет-журналдың қатпар жұмыстарымен қатар шығармашылықпен де, қоғамдық жұмыстармен де айналысты.
1999 жылы қазақ ақпарат кеңістігі еліміздің тарихында бұрын болмаған бірнеше газет-журналдың басын бір жерге біріктірген серіктестікпен толықты. Жаңа құрылым «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамы деп аталды. Ол осы ұйымның алғашқы президенті болып тағайындалды. Бұл қызметте ол мемлекет және қоғам жұмысына белсене кірісіп, жаңа қырынан көрінді. Әкем 1999 – 2006 жылдар аралығында жабық акционерлік қоғамның президенті, бас директоры болса, араға бірнеше уақыт салып, 2009 жылдан 2017 жылдың шілде айына дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылған «Қазақ газеттерінің» Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
1999 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың арнайы нұсқауымен құрылған қоғамды құру айтуға оңай болғанымен, оның басқару аппаратын құру, жұмысын жүйелеу, бір арнаға бағыттау сияқты қыруар шаруалар күш-жігерді қажет етті. «Қазақ газеттері» ЖАҚ-тың алғашқы 2-3 жылы газеттер мен журналдардың өндірістегі әріптестерінің алдындағы қарыздарын қайтарумен кетті. Одан кейін 2002 – 2003 жылдары акционерлік қоғам өмірінде жаңа серпіліс кезеңі басталды. Бұл уақытта қауымдастыққа қарасты басылымдар жаңа түрімен, мазмұнымен, полиграфиялық безендіруімен шықты. Басылымдардың таралымы көбейді. Алғашқы кезде серіктестік құрамына «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Ақиқат», «Жұлдыз», «Простор» мен «Ұйғыр авази» секілді 70-80 жылдық тарихы бар басылымдар бірікті. Одан кейін қоғамның құрамына «Мысль», жаңадан ашылған «Үркер» жастар журналы мен «Экономика» газеті қосылды.
Жалпы, оның кезінде «Қазақ газеттері» ЖШС өзіне қарасты мерзімді басылымдардың, заман ағымына сай ашылған сайттардың беделін арттыруға, биіктен көрінуіне қолда бар жағдайдың бәрін жасады.
Әкем өмірін қазақ баспасөзімен ғана емес, журналистиканы ғылым деп есептеп, екеуін бір-бірімен ұштастырып, соны дамытуға арнады. Ол - тарихи деректер, хикаяттар, деректі әңгімелер, зерттеулер, елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға арналған еңбектер мен қазіргі заман төңірегінде өзекжарды мәселелерді топтастырған бірнеше кітаптың авторы. Сонымен бірге ол ғылымға бет бұрып, бұқаралық ақпарат құралдарының саяси өмірде атқаратын рөлін сараптап, баспасөздің саяси менеджменті мен бұқарамен байланысты орнатудағы жолдарын, механизмдері мен саяси технологияларды жан-жақты түсіндіруге арналған зерттеу еңбектер жазды.
Қаламгердің 1988 жылы «Желкілдеп өскен құрақтай» атты алғашқы кітабы шыққаннан кейін 1998 жылы «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» жинағы жарық көрді. Одан кейін 2005 жылы «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз», 2010 жылы «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері», 2011 жылы «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабын жазса, 2012 жылы осы еңбекті қайта толықтырып шығарды. 2014 жылы «Қалам қанаты» мен 2016 жылы «Елжандылық мұраты және баспасөз беделі» деген кітаптары сөреге түсті. Ол қандай қызметте жүрсе де жоғары оқу орындарымен байланысын үзген жоқ. Өзі Лениндік стипендиат атанып бітірген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне дәріс оқыды. Осы білім ордасында бірнеше жыл қатарынан мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болды. Оның кезінде емтиханнан құлап, диплом жұмысын қорғай алмай қалған бірде бір студент болған емес. Өмірінің соңына дейін өзі түлеп ұшқан алтын ұясымен байланыста болды. Студенттердің дипломдық жұмысына жетекшілік етіп, журналист дайындауға үлес қосты. Сондай-ақ ол Қазақ ҰУ-де өтетін көптеген шаралар мен дөңгелек үстелге, ұстаздарды еске алуға арналған «Амандосов оқулары», «Қожакеев оқулары», «Бекқожин оқулары», «Барманқұлов оқулары» сияқты іс-шараларға жиі қатысты. Ол ҚазҰУ түлектері Ассоциациясының да белсенді мүшесі болды.
2000-жылдары негізгі қызметінен қол үзбей жүріп, ғылымға ден қойды. 2004 жылы белгілі ғалым Раушанбек Әбсаттаровтың жетекшілігімен «Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі» деген тақырыпта диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атанды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде саясаттану және әлеуметтік-филология пәндері кафедрасында аға оқытушы, профессор болып студенттер мен магистранттарға саясаттану пәнінен және арнайы курстан дәріс берді. Оның ғылыми жетекшілігімен ондаған магистр магистратура диссертациясын жоғары деңгейде қорғап шықты. Ол қазақ тарихындағы елеулі тұлғаларды ұрпаққа танытуда зор еңбек етті. 1994 жылы Кенесары ханның серігі Төлек Жәуке батыр Назарғұлұлының 175 жылдығының өтуіне Әбдісағит Тәтіғұлов, Төлепберген Тоекин, Серікбай Әбжанов, Сабыржан Ахметов ағаларымен тізе қосып жұмыс істеді. Содан кейін оның «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабы жарық көрді. Осы еңбекті жазып, Торғай халқының алдындағы перзенттік парызын өтеді.
Әкем арамызда жүргенде оның қазақ журналистикасын дамытудағы еңбегі, ғылымына қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат саласындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссия мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалінің, ТМД Парламенті Ассамблеясының «Баспасөзді және ақпаратты дамытқаны үшін» белгісі мен «Қазақстан журналистикасының қайраткері» атағының иегері болды.
2018 жылы әкем Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында «Серке сөздің сардары» кітабы шықты. 2019 жылы 9 қарашада айында әкемнің өзі оқыған әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Журналистика факультетінің құрылғанына 85 жыл толуына орай Жұмабек Кенжалин атындағы "Баспа және жаңа медиа" оқу-шығармашылық зертханасы ашылды. Одан кейін осы білім ордасында екі рет Кенжалин оқулары аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Алғашқы Кенжалин оқулары пандемия кезінде онлайн түрінде өтсе, екінші оқулар университеттің қабырғасында ұйымдастырылды.
Мен осы іс-шараны өткізуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтқым келеді. Олар: білім ордасының ректоры қызметін атқарған Ғалымқайыр Мұтанов, университеттің қазіргі ректоры Жансейіт Түймебаев, журналистика факультетінің ұстаздары, оның деканы болған Сағатбек Медеубекұлы, Сансызбай Мәдиев, Нұржан Қуантайұлы, кафедра меңгерушілері Назгүл Тұрсынбайқызы Шыңғысова, Гүлмира Сұлтанбаева, кафедраның доценті Жетпісбай Бекболатұлы, конференцияға фильм жасап, оны бәрімізге тарту еткен Неля Берікқызы Рушанова.
Журналистика факультетінің қазіргі деканы Темірғали Көпбаев та әкемді еске алу іс-шарасын өткізуге қолда бар мүмкіндікті жасайтынын айтып отыр.
I және II Кенжалин оқуларында әкемнің азаматтығы, журналистикадағы, ғылымдағы қызметі жайлы жақсы айтылды. Ол кісі баспасөздің барлық сатысынан өтіп, саналы ғұмырын қазақ журналистикасын дамытуға арнап, саясаттанушы ғалым ретінде ақпараттық менеджмент теориясы мен практикасының негізін қалады. Сондықтан оның қоғамдық және шығармашылық қызметі болашақ қаламгерлер үшін үлгі-өнеге болады деп ойлаймын. Осы оқулардан кейін «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары негізінде жинақ шықты.
Биыл әкем 70 жасқа толар еді. Оның 70 жылдығын лайықты түрде атап өтеміз деп ойлап едік. Алла тағаланың ісіне шара бар ма?! Қолдан келетін шара жоқ. Жазмыштың, тағдырдың жазуы солай шығар, 7 жыл бұрын фәниден бақиға аттанып кетті. Рас айтайын, мен әлі күнге де әкемнің арамыздан кеткеніне сене алмаймын. Біртүрлі қимастық сезім бойымды билеп алған.
Әкем 2017 жылы 24 шілдеде қайтқанда өз-өзіме келе алмай, біраз уақыт іштей тынып жүрген едім. Сол кезде әкем бір секунд та ойымнан кетпеген еді. Оның арамыздан тез кететінін де ешкім ойламаған еді. Қазірдің өзінде әкемді көп адам еске алып отырады.
Әкемді мәңгілік мекеніне апарар алдында Алматыдағы Жазушылар одағында қоштасу митингі болды. Осы қаралы митингтен шығып, көлікте отырғанымда Асқар нағашы інім: «Жұмабек жездем – аңыз адам», деген болатын. Оның сол сөзі расқа айналды. Әкем – аңыз адам.
Мен Астанаға 2001 жылы келгенде папамның курстасы, жан досы, белгілі журналист Болатбек Ақынжанұлы Орманов ағаммен бір жатақханада тұрған едім. Екеуміз әкелі-балалы болып бір нанды үзіп жеп, бірге жұмысқа барып, бірге жатақханаға қайтатынбыз. Бір күні бөлмеде қағаз қарап отырғанымда Болатбек ағам есікті ашып, қуанып кіріп келді.
Дастан, білесің бе? Сенің папаң – тұлға!, - деген еді.
Оның сол сөзі, сол көрініс әлі көз алдымнан кетпейді.
Иә, ардақты ағайын, әкем – тұлға, әкем - аңыз адам! Оны ешкім ұмытпайды. Ол біздің есімізде мәңгі сақталады. Әлеуметтік желіде көп адам әкемнің жақсы жағын еске алады. Осыдан біраз уақыт бұрын белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Айнаш Есали: «Жұмабек ағаның орны білініп тұр», – деп еді. Әріптесім айтқандай, маған әкемнің орны білініп тұр. Мен әкемнің біраз жасқа келіп, жақсы қартаюын тілеп жүретінмін. Бәріміз де солай әкемнің амандығын тілеп жүретін едік.
Әкем астанаға қызмет бабымен жиі келіп тұратын. Сондай бір кезде «Егемен Қазақстан» газетінің жанынан үй алғанымда әкем басталдақпен менен бұрын төртінші қабатқа бірінші болып жүгіріп шығып, пәтердің есігін маған жымия қарап, риза болып ашатын. О, Алла деймін, сондай адамға тағы бір өмір бергенде деймін, қиятын адам емес еді ғой, деймін. Енді міне, оның Астанаға келмегеніне жеті жылдай уақыт болды.
Әкем мені балам деп қана емес, жақын досындай, туған інісіндей көретін.
Мен Алматыда тусам да 10 жасыма дейін атам мен әжемнің қолында өскенмін. Қазір ауылда өткізген сол бал-дәурен балалық шағым еміс-еміс есімде. Әсіресе, 1-класқа барғанда әкемнің төр бөлмеде малдас құрып, жазу-сызуды үйреткені есімде қалыпты. Бірақ, мен ауылда көп оқыған жоқпын. 1988 жылы апам екеуміз (әжем Ұлмекен Төленқызын осылай айтатынбыз) Алматыға барып, үймен танысып, көріскен соң, сол жақта біржолата қалып қойдым. Алматыда қаламын деген ой да мүлде болған жоқ. Кейін білсем, әкем мені өз ұясында қалдырғысы келген екен ғой. Қазір соған да міне, 40 жылға таяу уақыт өтіпті. Осы уақытта біз ол кісінің жақсы қасиеттерін ғана көріп өстік. Оның балаға, туған-туысқа, бауырға деген мейірімін ғана көрдік. Ол өте парасатты, мейірімді, айналасына жанашыр, қолы ашық кісі еді. Оның жақсылығын көрмеген адам кемде-кем.
Әкем жастайынан ерте есейгендіктен бе, бізге ешқашан ұсақ-түйек әңгіме айтпайтын. Тек ірі сөйлейтін. Ал әкемнің дос-жаранға адалдығын, жұмысқа берілгендігін, адамға қамқорлығын айтсам, оның бәрі бір бөлек әңгіме.
Әкемнің қамқорлығы мен көмегін алдына келген адамның бәрі сезінетін. Ол ешқашан ешкімнің бетін қайтармай, бәріне қолдан келгенше көмектесетін. Өйткені, бұған оны өмірдің өзі үйреткен. Әкем бала кезінен үйдің тұңғышы болған соң бауырларына бас-көз болып өсті. Кейін Алматыға барғанда ауылдағы үйге көп көмектесіп тұрған екен. Апамнан оның стипендия, айлық алса содан ақша жіберетінін еститінмін. Сондай кезде әжем әкемнің Алматыға оқуға түсіп, жұмыс істеп жатқанына мақтанып отыратын. Атам да әкеме риза болып өтті. Бала кезімде қыста ғой деймін, кешкі асқа бір үйдің 10-нан аса баласы жиналып, дөңгелек дастарханға отырғанда көкем (атамды осылай айтатынмын): «Қараңдаршы, «О», «О» деп ризашылықпен бізге «Білім және еңбек» журналын көрсеткен еді. Сондағы «О» деген не десем, журналдың соңында әкемнің «Ж.О.Кенжалин» деп аты-жөні жазылған екен. Көкем көзілдірігін киіп, соны оқып, өзінің есімі жазылғанына риза болған екен ғой.
Жаңа айтқанымдай, біз дастархан басына көп бала болып жиналатынбыз. Апамның өзі 14 құрсақ көтерген еді. Әкемнен кейін Бейсенбек, Дүйсенбек, Қалияш, Мәрияш, Жұмағазы, Залияш, Санияш, Фараби, Еркебұлан, Айнаш, Гүлбаһрам, Гүлбаршын мен Дәурен деген інім болған. Осылардың ішінде Бейсенбек пен Дүйсенбек ағаларым, Мәрияш, Қалияш, Айнаш тәтем, Дәурен інім өмірден ерте кетті. Бір үйден осыншама адамның өмірден өтуі ата-әжеме, әкеме оңай тиген жоқ. Әкем соны ойлап үйдегі бар қиыншылықты мойнына алып, бауырларын құшағына басып жүрді. Ал 1990 жылдардың басында апам мен көкем араға бір жыл салып дүниеден өткенде ауылдағы іні-қарындастарын Алматыға көшіріп әкелді. Ол кезде елдің жағдайы мәз емес еді. Ауылда жұмыссыздық, Торғай облысының біресе ашылып, біресе жабылып жатқан шағында халық шын мәнінде есеңгіреп кетті. Ауыл түгілі, Арқалық сияқты облыс орталықтарының жағдайы қиын болғанын білесіздер. Міне, сондай қиын қыстау кезде ол бауырларына әкенің орнына әке болып, қамқоршы аға бола білді. Апамның өзі көзі тірісінде әкемді «ол менің маңдайымның жұлдызы ғой» деп айтып отыратыны да сондықтан.
Жаңа әжемнің 14 құрсақ көтергенін айттық. Кезінде ол осыншама баланы өсіріп, тәрбиелегені үшін «Ардақты Ана» Алтын жұлдыздың иегері атанған. Ал көкем Омар Кенжалыұлы Ұлы Отан соғысының ардагері болған.
Біздің әулетте көкем ғана емес, арғы атам Кенжалы Жалмағанбетұлы, оның інілері Сералы, Ералы, Оспан, Қали, Кенжебай деген аталарым да соғысқа қатысқан. Арғы атам Кенжалының үйіндегі Бәтима әжем осының бәрін уайымдап өткен екен. Ол соғысқа барлығын шығарып салған соң, енді кезек өзінің баласы, менің атама келгенін естігенде сол уайымнан қара жолда құлап, содан төсек тартып, тұра алмай қалыпты. Әкем соның бәрін білетін. Ол маған аталарымыз туралы жиі айтатын. Олардың бәрі хат таныған, оқыған, сауатты болған дейтін.
Әкем 1994 жылы Төлек Жәуке батырдың 175 жылдық мерейтойын өткізуге де белсене атсалысты. Содан кейін «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» кітабын жазып шықты. Қазір осы кітап Торғайдың әрбір азаматының іздеп жүріп оқитын, ал Төлек руынан тарайтын ұрпақ үшін үйінің төрінен табылатын еңбекке айналған.
Жалпы, әкемнің ел-жерге, халыққа деген еңбегін бәрі біледі. Оның халыққа қызмет еткен жұмысы – өзі жастайынан таңдаған журналистика саласы болатын. Жастайынан дегенім, папамның кластасы Бейсенбек ағаммен бір сөйлескенімде, жан досының балалық шағы туралы айтқаны есімде қалыпты. «Сенің папаң өте зерек болып өскен. Біз барлығымыз ойнап жүргенде ол арамыздан суырылып шығып, төбеге қарай жүгіретін. Сөйтіп, төбеге шыға сала «Мен өскенде үлкен жазушы, журналист боламын», деп жан-жаққа жар салатын», деген еді. Міне, «Болар бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала жиырма бесінде жаспын дер» дегендей папамның да бала кезінен алдына үлкен арман, мақсат қойып өскенін көруге болады. Сол арман мен мақсат оны кейін ару Алматының ҚазМУ-не жетеледі.
Ал осы оқу орнында әкем алдымен өзінің өмірлік серігі – менің анам Əлима Əбдірахманқызымен танысты. Әкем журналистика, шешем филология факультетінде оқыды. Екеуі көп ұзамай көңілдері жарасып, үйленді. Содан бері мамам əкемнің курсымен біте қайнасып кетті. Папам шешемді өте қатты сыйлайтын еді. Анам да оның қадірін білді. Екеуі өмір бойы бір-бірінің қас қабағына қарап жүрді. Әкем маған үнемі мамама ризашылығын білдіріп отыратын. «Сенің мамаңа ризамын, балам. Бүкіл қиыншылықты бірге көрдік. Өмірдің ыстығына да, суығына да шыдап келеміз. Мамаңмен хабарласып, жағдайын біліп тұр. Жарай ма?», деп айтатын. Осыны ол соңғы кездері Астанаға келген сайын жиі айтып кетті.
Анам әкемді өте жақсы түсінетін. Оның жұмысына да түсіністікпен қарайтын. Мамам өзі көп сөйлемей, әрбір істе әкемді қолдап жүретін. Екеуі бір шаруа шықса бәрін ақылдасып шешіп отыратын. Шешемнің өзі де жазу-сызуға жақын болып, баспа саласында қызмет етті. Əуелі Парламентте, одан кейін «Атамұра» баспасында жұмыс істеді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында туған. Бұл киелі де қасиетті жерден қазақтың талай мықты тұлғалары түлеп ұшқан еді. Солардың бірі туған ағалары Батырбек пен Сауытбек Абдрахмановтар болды. Сауытбек аға елімізге белгілі қоғам қайраткері, жастайынан қолына қалам ұстап, журналистиканың биік шыңына шыққан қазақтың аптал азаматы. Ол кісі де ҚазМУ-де оқыды.
Əкем осы университеттің қабырғасында өмір бойы жақсы араласқан достарын кездестірді. Қазірде біз солармен ағалы-інілі болып сыйласып келеміз. Папам негізі, көпшіл еді. Ешкімнің бетін қайтармай, бәріне көмек қолын созатын. Оны «Өнегелі өмір» сериясымен шығатын кітапқа естелік жазатын адамдар да айта жатар. Өйткені, ол елге жақсылық жасаса ешкімге айтпай жасайтын.
Жаңа әкемнің курстастарымен соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болғанын айттым ғой. Әкемнің курстас дегенде жаны қалмайтын еді. Әсіресе, ол Болатбек аға Ормановпен өте жақсы дос болды.
2010 жылы Болатбек ағамыз қайтқанда қазаны өте ауыр қабылдады. Бертінге дейін жан досын аузынан тастамады. Папам Астанаға келсе «Қайран, Бөкең! Қайран, Қошан! Өмірден ерте кеттіңдер ғой», деп айтып жүретін. «Қошан» дегені өзімен бірге оқыған Қошан ағамыз. Ол да Болатбек ағадан кейін көп ұзамай бақилық болды. Әкем осы екі досын қатты сағынды. Басқа да ерте қайтқан Абдолла Алтый, Дүрәлі Дүйсебай мен Әмір Оралбаевты есінен шығармайтын. Соларға деген сағыныш сезімін көрсетіп қалатын.
Папам басқа да жора-жолдастарымен де жақсы араласты. Ол достарына, әріптестеріне адал болды. Достарының той-томалақтарынан, қуаныштарынан қалмайтын. Адамның үйінде қаза болса міндетті түрде құранға қол жайып, бата жасап қайтатын.
Әкем 1984 жылы Алматының қақ ортасынан үй алғанда курстас достарын жиі шақырып, солардың қуаныштарына дастарханымыз жайылып жататын. Сондай кезде әкемнің домбырамен айтқан әндері отырыстың сәніне айналып тұратын еді. Ол кезде папамның жолдастарының көбі Алматыда тұратын. Болатбек Орманов пен Сәбит Дүйсенбиев ағамыздың үйлері Көктөбеде болса, Жайлаубай Қазиев, Қайнар Олжай, Талғат Айтбай, Мейрамбек Төлепберген, Қали Сәрсенбай, Абдолла Алтый, Шархан Қазығұл мен басқа да курстас достары қаланың әр шетінде тұратын. Әкемнің курстастары оқуды бітірген соң, ел-елге, жер-жерге жұмысқа орналасып кеткенімен аралас-құраластықты үзген жоқ. Мысалы, басқа қалада болса да Кәрібай Мұсырман, Ғабдул-Ғазиз Есенбаев пен басқа да курстастарымен байланысын үзбей, жақсы сыйласты. Кейін әкем Болатбек аға арқылы Есен ағамен танысты. Сол кісінің үйімен де жақын араласып тұрдық. Ал 2011 жылы «Ақжар» ауданына көшіп барғанда Серік Рәсілов ағамыздың үйімен құдайы көрші болып сыйласып кеттік. Әкем студент шағында Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып, оқуды Лениндік стипендиат атанып бітірген соң, еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінде бастаған. Одан кейін «Білім және еңбек» («Зерде»), «Халық кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газет-журналдарының бас редакторы болды. Ал 1999 жылы өзі «Қазақ газеттері» АҚ құрып, қайтқан кезге дейін оның басшылық қызметін абыроймен атқарып шықты.
Мен әкеммен жұмысы жайлы көп әңгімелесетін едім. Сондай кезде ол редакцияның шаруасы туралы көп ашылып айтпайтын. Ал жұмыста жақсы жаңалық болса соны қуана айтып отыратын.
Әкем өзі жанына жақсы адамдарды ғана жинап жүретін. Ол қырық жыл өтсе де солардың бәрімен ешқашан қарым-қатынасын үзген емес. Осы кісілердің бәрі біздің үйге келіп көңіл айтып, қазамен ортақтасты. Әкем Сарбас Ақтаев, Әбдісағит Тәтіғұлов, Қуаныш Сұлтанов, Кенжеғали Сағадиев, Серік Үмбетов, Раушанбек Әбсаттаров, Сағымбай Қозыбаев, Марат Тоқашбаев, Жанболат Аупбаев, Аманхан Әлім, Сабыржан Ахметов, Мақсұтбек Сүлейменов, Хамитбек Мұсабаев, Мағжан Садыханов, Самат Ибраимов, Өмірхан Әбдиманұлы, Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Паттеев, Жүсіпбек Қорғасбек, Мамай Ахет сияқты әріптестерімен жақсы араласқан еді. Әбдісағит ағамен хабарласқанда, ол кісі әкемді қимайтынын айтатын.
Папаңды қимаймын. Қиятын адам ба еді ол?! Мен әлі күнге дейін оны сағынамын, – деп айтып отыратын (Бұл естелікті Әбдісағит Тәтіғұлов, Аманхан Әлім мен Хамитбек Мұсабаевтың көзі тірісінде түртіп алған едім. Қазір бұл кісілер де Алланың жазуымен мәңгілік сапарға аттанған. Ағаларымыздың жандары жәннатта болсын).
Папам кезінде бірнеше басылымның бас редакторы, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы болса да басқа ақпарат құралдарына құрметпен қарады. Мысалы, «Егемен Қазақстан» газетін ел газеті, аға басылым деп санады. 2000 жылдары аға газеттің редакциясы жаңа ғимаратқа көшіп, барлық қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз еткенде бір кісідей қуанды.
«Егеменнің» басшылығына ризамыз. Барлық қызметкерлеріне пәтер алып берді. Журналистің бес қаруы сайлы болуы керек. Оның тұрмысы жақсы болса жұмысы да өнімді болады, – дейтін.
Ол өзі басқарған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның жұмысына да асқан жауапкершілікпен, әрбір қызметкеріне жанашырлықпен қараған еді. Оны мен әкемнің сөз арасында айтатын әңгімелерінен байқайтынмын. Өздеріңізге белгілі, бұл медиахолдингті ол 1999 жылы өзі құжаттарын жинап жүріп ашқан. Сол кезде қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің арқасына ала дорба салып, базар аралап кеткенін білеміз. Бұл елде жаппай жекешелендіру саясаты басталып, Үкіметтің айлық пен зейнетақыны айлап бере алмай жатқан кезі болатын. Сондай қиын-қыстау уақытта қазақ ақпарат кеңістігі бірнеше газет-журналдың басын бір жерге біріктірген құрылыммен толықты. Ол «Қазақ газеттері» деген атау алып, қазіргі тілмен айтсақ, тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш медиахолдинг болды. Осы ұйымда ол күн-түн демей 20 жылға жуық уақыт қызмет етті.
2018 жылы Кеңсайдан келе жатқанда бір ағамнан әкемнің 17 жыл еңбек демалысын алмағанын естіп, таңқалғанмын. Шынымен де мен 2001 жылы оқуды бітіріп, Астанаға кеткенімде осы кезге дейін бір ай демалыс алғанын естімеген едім. Мен әкемнен бір рет қана демалыс алғысы келетінін естідім. Оны 2016 жылы маусым айында Астанаға Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келгенде айтқан. Біз екеуміз соңғы рет сол кезде көрістік. Әкемді әдеттегідей көлікпен күтіп алып, үйге апарғым келген. Ол болса «Мені үйге емес, қонақ үйге апаршы. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келдім. Орнымда болмасам ұят болар. Бәрі төленген. Үйге баруға үлгеремін ғой, балам», деп қонақ үйде қалатынын айтты. Содан кейін отельге келгенде жиналыс басталмай тұрып, министрмен кездесетінін ескертті. Сөйтіп, ол министрліктен шыққан соң, бәрі де, үй де, төрт-бес күн демалыс та жайына қалды.
Қонақ үйде Алматыдағы жұмыс орнына хабарласып, дүйсенбіде жиналыс болатынын жеткізді. Сол жерде жұмысты ма әлде басқа нәрсені ме ойлап отырып, «Жарты жылдан кейін осы жұмысты қоямын. Келесі жылы бір журналды алып, соны жүргізіп, студенттерге сабақ беріп жүрсем одан басқа маған ештеңе керегі жоқ. Зейнетке аз уақыт қалды. Тезірек жетсем екен», деген еді.
Бұдан кейін әкемді көрмедім. Папамның шілде айында ауырып қалатынын қайдан білейін. Әйтпесе, сол күні Алматыға бірге кетіп, жанында болатын едім ғой.
Әкем Алматыға кеткеннен кейін де телефонмен сөйлесіп тұрдық. Екеуміз Қайыңды ауылының 60 жылдық мерейтойына бірге баратын болғанбыз. Шілде айының басында екеумізге ауылға билет алып қойған едім.
Бірақ, ауылға жалғыз барып келдім. Әкем 21 шілдеде таңертең сағат 6.00-де хабарласып, ауырып тұрғанын, Астанаға бара алмайтынын айтты. Сол кезде мен ауылға емес, Алматыға баруым керек еді деп әлі күнге дейін ойлаймын. Өзімді әкемнің жанында болмағаным үшін кінәлі сезінемін.
Соңғы рет телефонмен 2017 жылы 23 шілдеде кешкі сағат 19.00 шамасында сөйлестім. Өзі ауырып жатса да «Ауырма, балам, ауырма!», деп қалды әкем. Папамның қатты ауырып жатқанын ауылдан Арқалыққа бара жатқанда білдім.
Дастан, папаң қатты ауырып жатыр. Алматыға тез жет! Коляскада отыр, – дегенде жолда кетіп бара жатып жаным шыға жаздады.
Мен әкемнің коляскада отыр дегенін өмірімде ешқашан естіген емеспін. Бұл адам сенгісіз болды. Соған сенгім келмесе де Арқалыққа жетіп, әкеммен сөйлескеннен кейін көңілім жайланды. Бірақ, іште бір үрей мен үміт арпалысып жатты. Келесі күні Астанада қаралы хабарды естігенде төбемнен жай түсіп, дүние төңкеріліп кетті…
Содан бері, міне біраз уақыт өтті. Қазақта «Қазалы үйдің қаралы күндері адамның бір жылдық асы келгенде бітеді» деген сөз бар. Бізге әкеміздің дауысы, жымиысы, күлкісі, ойлы көзқарасы жетпей жатса да амал нешік. Бір Алланың жазуына көнеміз. Бұл дүниеде бәрі жалған екенін өзі де айтып отыратын. Бірақ, бәрібірде қимайды екенмін. Қиғым келмейді. Ондай адамдар осы өмірден ерте кетпеуі керек еді ғой деп ойлаймын.
Астанада көлікпен кетіп бара жатқанда әкем айналаға қарап, «Шіркін, енді тағы 20 жылдай жүрсем, осының бәрін 80 жасқа келгенде көрсем екен. Сана мен Лауланың тойын жасап, солардың қызығын мамаң екеуміз көрсек арман бар ма?!» деген сөзін есіме алғанда жаным ауырады. Осындайда туғаннан адамның қазасы бір Алланың маңдайға жазған тағдыры ғой, қолдан келер амал жоқ деп шарасыз болып қаласың. Басқа ештеңе істей алмайды екенсің.
Әкемнің қазасы анама оңай тиген жоқ. Қырық жыл бірге тұрып, бір адам болып кеткен адамға қаза деген қиынның қиыны. Әкем қайтқан кезде қырық күніне дейін Алматыдағы үйде болғанмын. Бір күні папамдікіне ұқсас кепкамды киіп, шаруалармен қалаға шыққанмын. Кешке үйге таксимен келдім. Бір уақыттан кейін шешемнің менің соңымнан үйге кіріп, диванға жайғасып, көз жасына ерік бергенін көрдім. Анамның сондағы көз жасы – даладағы сәкіде (тапшан) әкемді ойлап, бір кезде көліктің тоқтағанын естіп, одан кепкадағы адамның түсіп, сыртқы есікті ашып, үйге кіріп бара жатқанын көріп, содан көз жасына ерік бергені деп ойладым. Қырық жыл отасқан адамдардың бір адам болып кеткені оңай емес қой. Сол себептен Жандос пен Айнұр келін шешемнің көңілін аулау үшін балаларды жанынан шығармайды.
Қазірде әкемнің көзін көрген адамдардың бәрі бізбен баяғыдай қарым-қатынаста. Бізге әрқашан қол ұшын бергісі келіп тұрады. Көңілге сол медеу. Олардың бәріне Алла риза болсын дегім келеді. Әкем қайтқан кезде Марат Тоқашбаев пен Талғат Айтбай ағам әкеме арнап естелік кітап шығарамыз, Сәбит Досанов бастаған жазушылар Алматыдан көше мен мектептің атын бергізу керек дегенде тіптен риза болып қалдық. «Серке сөздің сардары» жинағы 2018 жылы шықты.
Сол сияқты Сарбас Ақтаев ағам «Жұмабек – Алаш арыстарының алтын тұяғы» деп баға бергенде риза болдым. Осының бәрі елдің әкеме деген құрметі деп білемін. 2021 жылы Парламент Сенатының депутаты, әріптес ағамыз Нұртөре Жүсіп «Жолыққан жандар» жинағында әкемнің суретін бір топ қаламгермен бірге еңбектің мұқабасына салып, естелік материал жазып шығарды. Ал биыл «Атамұра» корпорациясының басшысы, белгілі меценат Рақым Құл-Мұхаммед ағам әкемнің журналистика мен ғылымды ұштастырып жазған ғылыми еңбегін қайта басып шығаратынын айтты.
Қазақтың осы арда азаматтарына алдымен Алла тағала, одан кейін әкемнің аруағы риза болсын!
Әке, осындай азаматтар және біз барда Сіздің атыңыз ешқашан өшпейді, оны сақтайтын біз бармыз. Біз, Жандос інім екеуміз сол үшін осы дүниеге келгенбіз.
Енді Құдай қаласа биыл күзде әкемнің 70 жылдығына арналған іс-шараны өткізу жоспарда бар. Алла тағала сәтін салса, ол іс те ойдағыдай болады.