Грекиядағы өрт: депутат Бас прокуратурадан қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауды сұрады
Бақытжан Базарбек еліміздің имиджіне нұқсан келгенін айтты
Грекиядағы орман өртіне Қазақстан азаматтарының қатысы болса, оны құзырлы органдар тексеруі керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұған дейін Грекиядағы Гидра аралында өрт шығып, бұған Қазақстан азаматтарының қатысы бары хабарланды. Алайда бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі жоққа шығарды.
Бақытжан Базарбек бұл оқиғаға қазақстандықтардың қатысы бар-жоғын құзырлы органдар тексеруі керек деген ұстанымда.
«Грек қызметі ол жақта қазақстандықтар болғанын растады. Мұндай ақпарат жайдан жай жарияланбайды. Біздің олигархтар әрекетін қалай жасыратынын білеміз. Әсіресе, (мұндай жағдай) шетелде болса. Сондықтан мен осындай жағдай болған деп болжаймын. Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл іспен тығыз айналысуы керек. Бұл жағдай ұлттық мүддемізге қатты қайшы келмеген шығар. Бірақ елдің имиджіне нұқсан келді», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Депутат бұл істі Бас прокуратура бақылауына алуы керектігін айтты.
Бұл – экологиялық қылмыс. Сондықтан ол тергелуі керек. Бас прокуратура «Бәсе» арнасындағы Айдос Садықовтың ісі сияқты бұл іске де кірісуі керек. Мен істің тек объективті қаралуын күтемін, - деді Бақытжан Базарбек.
Еске салайық, бұған дейін OOCRP ұйымы Грекияның Гидра аралындағы яхтада қазақстандық кәсіпкер Данияр Абылғазин мен Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяметова және оның отбасы болғанын хабарлаған.