Келер жылы ДСМ ауқымды ғылыми зерттеу жұмысын аяқтайды
2025 жылы Семей полигонынан зардап шеккендерге берілетін әлеуметтік көмек басқаша есептеледі. Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов вице-премьерге сұрақ қойды.
«Жақында Парламенттің бірлескен отырысында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау шараларын қабылдау керектігін айтып, ұсыныс енгізді. Бұл туралы депутаттық сауал да жолдағанбыз. Үкімет депутаттық сауал ерекше бақылауда екенін және оны мүдделі мемлекеттік органдар қарастыратынын айтты. Осы мәселе қалай және қашан шешіледі?», - деді ол.
Тамара Дүйсенова бұл мәселе ғылыми зерттеу жұмысы аяқталғаннан кейін шешілетінін жеткізді.
«Бұл проблеманы өзіңізбен бірге бірнеше жылдан бері талқылап жүрміз. Сондықтан мұнда екі мәселе қаралды. Территориядағы радиацияның дозасын анықтаймыз ба, әлде азаматтардың организміндегі радиациялық дозаны анықтаймыз ба? Осы екі мәселеге келіп тірелдік. Денсаулық сақтау министрлігі осы бойынша ауқымды ғылыми зерттеу жұмысын 2025 жылы аяқтайын деп отыр. Сондай-ақ Семейдегі медициналық университетте өңірдегі азаматтардың базасы бар. Бірге жұмыс істеп жатырмыз. Біз 2025 жылға қарай әр азаматтың организміндегі радиациялық дозаға қарай әлеуметтік және медициналық көмекті қайта қараймыз», - деді үкімет басшысының орынбасары.