Halyq Uni логотип
×

Елімізде бір жылда 396 жасөспірім жасанды түсік жасатқан

Жалпы 2 200-ге жуық кәмелет жасына толмаған қыз жүктілік бойынша есепке алынған

 Айгерім Таубай 25.06.2024 | 17:40
Елімізде бір жылда 396 жасөспірім жасанды түсік жасатқан
Фото: E1.RU/Артём Устюжанин

Елімізде 2023 жылы 15-17 жастағы мың жарым жасөспірім босанған. Жалпы 2 200-ге жуық кәмелет жасына толмаған қыз жүктілік бойынша есепке алынған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігі Ана денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Шәкизат Халықова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Кейінгі 5 жылда елімізде жасөспірімдер арасындағы жүктілік төмендеді. 2019 жылы 15-17 жастағы 1 812 қыз босанса, 2023 жылы 1 508 қыз босанды. Жалпы 380 мыңнан астам әйел босанды, оның 1 508-і – жасөспірім. Түсік жасату да 38%-ға төмендеді. 15-17 жастағы мың қыздың арасында бір жасөспірім жасанды түсік жасатқан болса, қазір бұл 0,8-ге түсті. 2023 жылдың жалпы көрсеткіші бойынша 396 қыз жасанды түсік жасатты, - дейді  Шәкизат Халықова.

Сондай-ақ жүкті ретінде есепке алынған әйелдердің арасында 15-17 жастағы жасөспірімдердің саны 40%-ға төмендеген. 2019 жылы 2 934 қыз есепке тұрса, 2023 жылы 2 288 жасөспірім есепке алынған.

Маманның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы көрсеткішіне сәйкес, қыз 15 жасында жүкті болса, ана өлімі 40%-ға жоғарылайды.

Айта кетейік, 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 7 мыңға жуық бала дүниеге келді. Мұндай деректі денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Екі жылда бағдарлама аясында 21 мыңнан астам әйелге экстракорпоралды ұрықтандыру жасалған, ішінде 8 мың әйел жүкті ретінде есепке алынған. Репродуктологтар бағдарлама басталғалы бедеулік бойынша дәрігерге жүгінетіндер қатары көбейгенін айтады, тіпті салыстырмалы түрде екі есе артқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама