Жоспарланған жұмыстың 25%-ы да орындалмаған
Жыл басынан бері жылу беру орталықтарындағы жөндеу жұмыстарына 18 рет өзгеріс енгізілген. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет басшысының пікірінше, жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын. Алайда жылу объектілеріндегі жөндеу мерзімдерінің сақталмауы алаңдаушылық туғызып отыр.
Мәселен, Екібастұз жылу орталығында жөндеу жұмыстарын бастау мамырдан маусымның соңына ауыстырылған.
Теміртауда №2 Жылу орталығындағы 2-қазандықты жөндеу жұмыстары сәуірден бері басталмай тұр. Ол жердегі турбиналарды күрделі жөндеу жұмыстары да аяқсыз қалуы мүмкін.
13 мамырда басталуға тиіс болған Тараздың №4 жылу-электр орталығындағы №1 турбинаны жөндеу жұмыстарынан да әлі күнге мардымды хабар жоқ. Жезқазғандағы жылу-электр орталығының №5 қазандығы маусымнан бастап қана жөндеуге қойылды. Жеке жабдықты жөндеу жұмыстарын тіпті жыл соңында ауыстыру жоспарланып отыр. Айта берсек, мұндай мысал көп. Еліміздің барлық өңірінен мысал келтіруге болады, - деді Бектенов.
Үкімет басшысы биыл мамырдың басында жөндеу жұмыстарын ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанын еске салды.
Алайда оператор KEGOC бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз бетінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр, - деді премьер-министр.
Олжас Бектенов жұмысты уақытында аяқтамаған басшыларға қатаң шара қолдану керек екенін айтты.
Жоспарланған жұмыстың 25%-ы да орындалған жоқ. Басқа өңірлермен салыстырғанда Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерінің дайындығы төмен. Жұмыс республикалық бюджет қаражаты есебінен ғана жүргізіліп отыр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін толық пайдаланбай отырмыз. Жалпы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының тиімділігі төмен, - деді Олжас Бектенов.