Қапшағай су қоймасынан екі адам құтқарылды
Ер адам мен әйел скутер сынған соң жағадан көзге көрінбейтін жерге кеткен
Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасынан 2 адам құтқарылды.
Төтеше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде ер адам мен бір әйел судан аман-есен шығарылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға 23 мамырда болған. Осы күні кешкі сағат 20:00-ден бастап ер адам мен әйел скутермен су қоймасына барып, жағадан алыстап кеткен. Құтқарушылар оларды түнгі сағат 01:57-де «Гаванна-Комфорт» демалыс аймағынан тапқан. Олар скутер сынған соң, жағадан 3-4 шақырым қашықтықта болып, көзге көрінбей кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің 22 қызметкері мен 8 қайығы, жол полициясының 5 қызметкері жұмылдырылды.
Алматы облысы ТЖД су көлігін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын және суға шықпас бұрын ауа райын бақылауды тағы да ескертеді.