×

Апат салдарынан машинист әйел қаза тапқан Петропавл жылу электр орталығының мұржасы бұзылып жатыр

Мұржаны құлатуға 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ

 Самат Жақып 06.06.2022 | 17:31
коллаж: Halyq Uni

Петропавл жылу электр орталығындағы нөмірі бірінші түтін мұржасы бұзылып жатыр. Биіктігі 100 метр болатын нысанды Өскемен қаласынан келген арнайы мамандар қолмен бөлшектеуде. Қалған 30 метрі механикаландырылған әдіспен құлатылмақ. Қазір стратегиялық нысаның аумағы қоршалып, барлық қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Мұржаны бұзу жұмыстары тамыз айына дейін жалғасады. Екі айдан астам уақыт бойы жүргізілген сараптама қорытындысы оны қайта қалпына келтіру мүмкін еместігін көрсеткен. Болашақта апатты мұржаның орнына жаңасы тұрғызылады деген жоспар бар.

Еске салайық, 20 наурызда қаладағы жылу электр орталығындағы №1 мұржаның 60 метрі опырылып түсті. 1961 жылы салынған мұржа әбден ескірген. Төтенше жағдай кезінде 38 жастағы машинист әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды. Аталған фактіге қатысты прокуратура қылмыстық іс қозғап, бірнеше адам қамауға алынды. 

«Тамыз айына дейін бәрін бұзып үлгеруіміз қажет. Өйткені, тағы бір ай уақыт аумақты темір-бетон үйінділерінен тазартуға кетеді. Бірінші мұржаға қосылған қазандықтарды қазір біз басқасына қосып жатырмыз. Жылыту маусымына дейін 9 қазандық жұмыс істейтін болады. Алдын ала болжам бойынша аталған түтін мұржасын бұзуға шамамен 150 миллион теңгедей қаржы жұмсалмақ. Оған қоса, қазір екінші мұржаға да жөндеу жүргізіліп жатыр. Жаңасы алдағы уақытта тұрғызылады. Оның жобасы есептеліп жатыр. Биіктігі шамамен 200 метрдей болады. Қазір стратегиялық нысанда барлығы 400 адам жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл жылу электр орталығы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама