Сотқа келерде ол салған видеосын өз еркімен өшіріп тастаған
Шығыс Қазақстан облысында полицей қызметкерін видеоға түсіріп, оны Tik Tok желісіне таратқан ер адам жазаға тартылды. Ол видеода қызметкерге негізсіз сөздер айтып, қорлаған.
Соттағы деректерге сай биыл көктемде Өскемен қаласындағы Бажов және Белинский көшелерінің қиылысында сотталушы жол ережесін бұзған. Кейін ол өзін тоқтатқан полиция қызметкеріне қарсы сөздер айтып, оны видеоға түсіре бастаған. Сөйтіп полиция қызметкерін қорлаған бейнежазбаны TikTok желісіне таратып, біраз қаралым жинаған. Алайда кейін сотқа келерде тұрғын салған видеосын өз еркімен өшіріп тастаған.
Нәтижесінде Өскемен қаласының №2 соты тұрғынға қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігі («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі билік өкілін қорлау») бойынша кінәлі деп таныды.
Қылмыстық кодекстің 378-бабы 2-бөлігінде мұндай заң бұзушылыққа айыппұл немесе қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалады. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар – шын жүректен өкіну және кінәсін мойындау. Сот 80 сағатқа қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады, – деп хабарлады Өскемен қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.