Өтінім бергендердің 70,5%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған
Елімізде екі айдың ішінде балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 250 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, өтінім бергендердің 70,5%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бірінші сыныпқа өтініштерді қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін аталмыш қызмет автоматтандырылып, құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүргізіліп жатыр. Бұған қоса ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.
Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр. Осы ретте құжаттарды тапсыруда ата-аналардың белсенділігін байқауға болады. Биыл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін 1-сынып балалары көбейді. Қазақ тілінде оқитын сыныптарға қабылдаудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (91%), Қызылорда (91,5%), Жамбыл (82,2%) және Атырау (80,1%) облыстарында тіркелді, – деді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барлығы 400 мыңнан астам қазақстандық бала барады деп күтіліп отыр.