Егер кәсіпкерлікпен айналысатын қала тұрғыны өз ісін заңдастырмаған болса, оған әуелі ескерту жасалады
Маусым айының соңына қарай Шымкент қаласында бизнесін тіркемей, заңсыз жұмыс істеп жатқан азаматтарға қатысты рейд жүргізілетін болады, деп хабарлады otyrar.kz.
Мамандардың айтуынша, қазір заңсыз істеп жатқан шағын кәсіпкерлікке арнайы рұқсат алу жұмысы болып жатыр. Осы айдың соңына дейін үлгермесе, әуелі әл-Фараби ауданына қарасты бизнес нысандары тексеріледі. Бұл жерде рұқсатсыз салынған және жұмыс істеп жатқан мекемелер жетіп артылады.
Әл-Фараби аудандық МКБ салық төлеушімен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытбек Болатбековтың пікірінше, салық органдарына тіркелмей, өз беттерінше кәсіппен айналысып жатқандарға бақылау жүргізіліп, кассалық аппараттары тексеріледі. Тұрғындардан электронды пос-терминал арқылы жұмыс істеп жатқаны да назарға алынады. Лицензиялары жөнінде рейдтік шара ұйымдастырылады.
Егер қала тұрғыны жұмыс істеп тұрған бизнесін заңдастырмаған болса, бастапқыда ескерту беру көзделген. Қазір, яғни жыл басынан бері аудандағы дүкендердің алкогольді ішімдік сатуға лицензиясы бар-жоғы да бақыланған.