Әйел полицей жауынгерлік тәсілмен күдіктіні ұстады

Дастан Жұмабекұлы

Халық Малика Темірхановаға кәсібилігі үшін алғысын айтты

фото: polisia.kz

Павлодарда Малика Темірханова есімді полицей әйелдерге шабуыл жасағысы келген ер адамға жауынгерлік тәсіл қолданып, тұтқындады.

Оқиға 4 маусым күні сағат таңертеңгі 8.40 шамасында болған. Осы кезде Маржан Ахметова есімді әйелдің соңынан шабуыл жасағысы келген бір азамат қалмай жүрген. Осыны мектеп оқытушылары байқап, сол жерде қызмет бабымен жүрген полицей Малика Темірхановадан көмек сұраған.

Мен әдеттегідей жұмысқа бара жатқанда №12 орта мектептің жанынан өттім. Сол кезде менің соңымнан қалмай, мінез-құлқы бір түрлі ер адам келе жатқанын байқадым. Мен қорқып, мектеп ауласына жүгірдім. Оны аулада жұмыс істеп жатқан мектеп қызметкерлері де байқап қалды. Олар оқу орнында жұмыс бабымен жүрген Малика Темірхановадан көмек сұрады, – деді оқиғадан кейін Маржан Ахметова полицияға.

Полицей Малика Темірханова мұғалімдердің өтінішін ескеріп, тез шешім қабылдап, күдіктінің соңынан жүгіріп, оны ұстап, жерге құлатады. Ол аяқ киімнің өкшесімен қаскүнемге жауынгерлік тәсілді қолдана отырып, қолдарын қайырып, кісен салады.

Осыдан кейін оқиға орнына адамдар жиналып, олар 102 нөміріне қоңырау шалады. Ұсталған адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізіледі. Онда ұсталған адамның мас екендігі анықталды. Қоғамдық орында мас күйде және шабуыл жасамақ болғаны үшін жас жігіт ҚР ӘҚБК-нің 440-бабы және 449-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Маржан Ахметова Малика Темірхановаға тез шешім қабылдап, құқық бұзушыны ұстап, оны шабуылдан құтқарғаны үшін алғыс білдірді. Ол алғысын Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярға хат түрінде де жеткізді. Онда ол полиция қызметкері Малика Темірхановаға кәсібилігі мен жеделдігі үшін алғысын айтты.

М.Темірханова ішкі істер органдарында 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта Павлодар қаласы ПБ Жедел бақылау орталығында кезекші-инспектор болып жұмыс істейді. Ол сол кезде шабуылшыны қалай ұстауды, азаматтарды заңсыз әрекеттерден құтқаруды ғана ойлағанын айтады.