Тасқыннан зардап шеккен аймақтардан мыңға жуық бала сауықтыру орталығында демалды
Орталық әртүрлі құрылымдық бөлімшелерден тұрады
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 1 мыңға жуық бала «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында келесі аптада жаңа маусым басталады. Биылғы жазда бұл орталық 6 мыңнан астам баланы қабылдайды.
Республикалық оқу-сауықтыру орталығы жазғы кезеңде әрқайсысы 15 күннен тұратын 5 ауысым өткізеді. Әрбір ауысым рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, балалардың физикалық дамуы секілді түрлі бағыттарды қамтиды.
Жыл басынан бері орталықта 5 800 бала демалды. Олардың 842-сі – зардап шеккен аймақтардан келген балалар. Келесі аптада жаңа маусымға Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарынан тағы 17 бала келеді деп күтіледі. Жаздың соңына дейін су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 1 мыңға жуық баланы демалыспен қамту жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді «Балдәурен» РОСО баспасөз қызметі.
Айта кетсек, орталық әртүрлі құрылымдық бөлімшелерден (білім беру, тәрбие, медициналық, дене шынықтыру кешендері) тұрады.
Анықтама үшін: су тасқыны басталғалы бері түрлі республикалық сауықтыру орталықтарында 1 083 бала демалды. Жазғы кезеңде демалыспен тағы 3,7 мыңға жуық бала қамтылады.