«Тальгода» әйел зорлаған жолсеріктердің бірі мерзімінен бұрын босатылды
Ол жазаны өтеу мерзімі ішінде ешқандай қасақана заңбұзушылыққа жол бермеген
«Тұлпар-Тальго» пойызында жолаушыны зорлағаны үшін 5 жылға сотталғандардың бірінің неге мерзімінен бұрын босатылғаны белгілі болды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық соты хабарлады.
Соттың Teleram-дағы ресми арнасында жарық көрген ақпарат бойынша, 2019 жылғы желтоқсанда Қостанай қаласында Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған жігіт 2022 жылғы мамырда жазасының жартысын өтеуіне байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатпен сотқа жүгінген.
Жазасын өтеу кезеңінде жақсы мінез-құлқы, еңбекке адал көзқарасы, сондай-ақ мекемеде өткізілетін спорттық іс-шараларға белсене қатысқаны үшін оң бағаланды. Бірнеше рет көтермеленді. Ол жазаны қамауда ұстаудың жеңіл жағдайында өтеді. Жазаны өтеу мерзімі ішінде ешқандай қасақана заңбұзушылыққа жол берген жоқ, - делінген сот хабарламасында.
Бұған қоса, жәбірленушіден материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптың бірден қойылмағаны, сот үкімі бойынша сотталған адамнан өндірілген басқа да сомалардың толық көлемде төленгені ескерілген.
Осы мән-жайлар бойынша сотталған адамның шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндігі болды. Заңда көзделмеген себептер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға тыйым салынады, - деп нақтылады сот өкілдері.
Сондықтан сот алқасы сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған.