Білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатыр
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бүгінде кітапханашылардың мардымсыз жалақы алып жүргенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады. Айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Ұлттық құрылтайда кітап күнін белгілеу туралы идеяға қолдау да білдірген. Астана мен Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін де атап өткен.
Мемлекет басшысы 2021 жылдан бастап кітапханашыларға жалақыны орташа есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылдаған. Бірақ республика бойынша қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы – 125 мың теңге. Жалақының төмен деңгейі білікті кадрлардың бұл саладан кетуіне әкеп соғып жатыр. Кітапханада істейтін IT-мамандар, бухгалтерлер, программистер, инженерлік-техникалық мамандар техникалық персоналға жатады. Олардың жалақысы тіптен мардымсыз. Қазір Қазақстандағы кітапхана саласының толыққанды дамуы үшін қажет заңнамалық база жоқ.
Бұл кітапхана ісі туралы заңның болмауы салдарынан туындап отыр. Мұндай сипаттағы заң әлемнің 130-дан астам елінде, оның ішінде ТМД-ның барлық елінде қабылданған», - деді Нұртөре Жүсіп.
Депутаттың пікірінше, кітапханалардың техникалық жабдықталуы да мардымсыз.
Ондағы компьютерлік және көшіру-көбейту техникасы нашар жабдықталған, көбісі ескірген. Көптеген кітапхана ғимараты ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Арнаулы кітапханалардағы, балалар, жасөспірімдер, зағип және нашар көретіндерге арналған кітапханалардың жағдайы көңілден шыға бермейді. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі және еркін жүруі өте қиын. Пандустар, әмбебап кабинасы бар санитарлық тораптар, көліктерге арналған тұрақ орындары жоқ, - деді ол.
Сондай-ақ сенатор ауылдағы кітапханалардың тозғанын, ондағы кітаптардың жаңартылмағанын айтты.
«Кітапхана қорларында да олқылықтар бар. Ауылдағы кітапханалардың 60%-дан астамы әбден ескірген. Соңғы 20 жылда кітап қорын толтырудың жүйелі түрде қаржыландырылмауына байланысты, кітап қорының жыл сайынғы жаңартылуы – небәрі 1,8%. Қолданыстағы авторлық құқық және сабақтас құқық туралы заңның нормалары қазіргі авторлардың шығармаларын цифрлық форматта толық ұсынуға мүмкіндік бермейді. Осы заңнама бойынша кітапты цифрлық форматқа көшіруге автордың келісімінсіз, ол қайтыс болғанға дейін 70 жыл өткен соң ғана жол беріледі немесе автордың, құқық иеленушінің әрбір кітапты цифрландыруға жазбаша рұқсаты қажет. Көпшілік кітапханалардың тек 60,7%-ы интернетке толыққанды қол жеткізе алады», - деді Нұртөре Жүсіп.
Одан бөлек, депутат танымал ақын-жазушылар жинаған кітаптардан арнайы орталық ашуды ұсынды.
Танымал жазушылардың жеке кітапханасына қатысты мәселе бар. Кезінде біздің ақын-жазушыларымыз, зиялы қауым мен ғалымдар өте сирек кездесетін кітапты жинаумен айналысқанын білеміз. Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев, Қалтай Мұхамеджановтың кітаптары арнайы орындарда тұр. Ал Әлкей Марғұланның, Шерхан Мұртазаның, Әубәкір Нілібаевтың, Сәкен Жүністің және тағы басқа ақын-жазушылардың жеке кітап қоры қайда қалды? Жазушы Морис Симашконың кітаптарын қызының Израильдың Қазақстандағы елшілігіне әкеп тастағанын көзбен көрдік. Осыған байланысты Қазақстан қаламгерлерінің жеке кітапханасындағы кітаптарды республикалық және аймақтық негізде жинақтап, арнайы кітап орталығы ретінде неге ашпасқа? - деді ол.
Сенатор мәселелерді шешу үшін Үкіметке мынадай өз ұсынысын айтты: