Сенат екі ел арасындағы келісімді мақұлдады
Сенаттың жалпы отырысында депутат «Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Келісім 2023 жылдың 17 қазанында Бейжің қаласында жасалған. Ондағы мақсат – Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мультимодальды тасымалдауды дамыту үшін автомобиль, теңіз және теміржол көлік түрлерінің басымдығын тиімді пайдалануға жәрдемдесу, сондай-ақ қос тараптың аумағы арқылы жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Заңда көліктің реттеуші салаларындағы ведомстволар мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, көлік бағытының тұрақты және тиімді жұмыс істеуін қолдау үшін даму ортасын бірлесіп қалыптастыру, логистикалық және көлік операциясын оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру көзделеді.
Келісім Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды да мақұлдады.
Келісім екі тараптың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту саласындағы ынтымақтастыққа, көлік байланысын интеграциялауға, тасымалдардың тиімділігін арттыруға, сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастыққа жәрдемдесуге, сондай-ақ Қытайдан Азияға және Азия арқылы одан әрі Еуропаға жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Сенаторлар дауыс беру нәтижесінде аталған заңдарды мақұлдады.
Бұған дейін Көлік мининстрі Марат Қарабаев «Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімнің» маңызды тұсына тоқталған еді.
Біріншіден, рұқсат беру құжатын толық цифрландыруға өткізу. Бұрын әр жылдары екі алдың арасында (жүк көліктеріне) 50 мыңдай рұқсат бердік. Бүгінде пилоттық жобаны іске асырып жатырмыз. Цифрландыру нәтижесінде көлік кеденге келеді. Онда бірден рұқсат беру құжатын алады. Былтыр көрсеткіш 13 мыңға, биыл 200 мыңға көбейеді. Нәтижесінде екі ел арасындағы тасымал 4 есе артып отыр, - деген еді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ ведомство басшысы келісім аясында қазақстандық жүк көліктеріне Қытайдың кез келген қаласына кіруге жол ашылатынын айтқан.
«Екіншіден, бұрынғы келісімшартқа сәйкес, тек қос елдің (жүк) көліктері кіретін. Енді Қытайдың кез келген қаласына Қазақстанның (жүк) көліктері кіре алады. Әрине, бұл біз үшін жақсы. Өйткені, біздің көліктер Қытайдағы ірі порттардан жүктерді алып кете алады.
Сондай-ақ Қытай (жүк көліктері) Қазақстан аумағы арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізінен өте алады. Бұл еліміздің транзинттік әлеуетін күшейтеді. Осы уақытқа дейін Қытай осылай басқа мемлекеттің көліктеріне ішке кіруіне мүмкіндік бермеген. Бұл алғаш рет Қазақстанға беріліп отырған мүмкіндік. Бұл былтыр Мемлекет басшысының Сиань қаласына жасалған іс-сапары шеңберінде жасалған келісімшартқа сәйкес іске асырылып отыр», - деді Марат Қарабаев.