Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда әбден тозығы жеткен 600 вагонның қашан толық жаңартылатыны айтылды

Елімізде 1980-1990 жылдары шығарылған жолаушылар вагондары әлі қолданыста жүр

 Дәурен Ерболат 20.06.2024 | 14:13
Қазақстанда әбден тозығы жеткен 600 вагонның қашан толық жаңартылатыны айтылды
Фото: Halyq Uni

Алдағы алты жыл ішінде Қазақстандағы тозығы жеткен жолаушылар вагондары толық жаңартылады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Жәнібек Тайжанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық тасымалдаушы компанияда мұндай 600 вагон бар. Жеке тасымалдаушыларда да осындай вагондар бар. Олар 28 жылдан бері қолданыста – 1980-1990 жылдары шығарылған. Зауыттан шыққанда вагондарда кондиционер болмаған. Олар 2030 жылға дейін есептен шығарылады, - деді Жәнібек Тайжанов Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Басқарма төрағасы алты жыл ішінде тозған вагондар жаңартылып, қазақстандықтар бұл мәселені ұмытады деп сендірді.

«Қазір жаңа вагондарды жаңарту және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде шамамен 150 вагон сатып алдық. Яғни, 157 вагонды сатып алуға келісімшарт жасастық. 2025 жылы Stadler вагондары жеткізіледі деп отырмыз, ал 2030 жылы елімізде қолданыста пайдалану мерзімі 10-13 жыл болған жаңа вагондар болады. Осылайша, қазақтандықтар ескі вагондар мәселесін ұмытады», - деп сөзін түйіндеді басшы.

«Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, бүгінде ұлттық компанияның қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен. Оның 2 трлн теңгесі локомотивтер, жолаушы және жүк вагондарын сатып алуға жұмсалған. Қалған 0,9 трлн теңге темір жол салуға бөлінді. 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басына қарай компанияның қарызы 3 трлн теңгеден асуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама