Аталған өзгеріс сәуір айынан бастап күшіне енген
Сәуір айынан бастап университет ректорлары басқарушылық қызметте екі мерзімнен артық отыра алмайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясат мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Баспасөз мәслихатында журналистер кейбір университет ректорлары ЖОО-да тым ұзақ уақыт басшылық қызмет атқарып келе жатқанын айтып, сұрақ қойды.
Саясат Нұрбектің айтуынша, енді ректорларды тағайындау қағидаты өзгереді және комиссия шешімімен бекітілген.
«Сәуір айынан бастап университет ректорлары басқарушылық қызметте екі мерзімнен артық отыра алмайды. Бір мерзім – 3 жыл. Бірақ басқа университетке өтініш бере алады. Академиялық салада 10 жыл, басқару саласында 5 жыл тәжірибесі болуы қажет. Ағылшын тіліне деген талаптарды да күшейттік. Медиадағы репутациясына да қатысты талаптар да күшейтілді. Соңғы отырыста комиссия шешімін бекіттік. Қазақстанда негізгі заңнама принципі бар. Оның бұрынғы қабылданған шешімдерге қатысты күші жоқ. Осы өзгерістерге дейін тағайындалған ректорлардың келісімшарты біткенде ғана заңды күшін жалғастыра аламыз», - деп түсіндірді министр.
Айта кетелік, осыған дейін медиада Ерлан Сыдықовтың Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметін 13 жылдан бері атқарып келе жатқаны жөнінде сын айтылған болатын.