Вейпке тыйым: Қазақстанда заң күшіне енді

Халық үні

Бүгіннен бастап вейп таратуға және оны жарнамалауға тыйым салынады

көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда 20 маусымнан бастап вейпке тыйым салынады. Қылмыстық кодекске әдеттегі шылым секілді шекпейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін 301-1 бап енгізілді. Соған сәйкес, шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату олар үшін 200 АЕК-ке дейін (2024 жылы 738 400 теңге) айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы көзделген.

Шекпейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелу, өндіру олар үшін 2000 АЕК (2024 жылы 7 384 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, немессе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, ол болмаса бас бостандығын шектеуге дейін жазаланады. Сондай-ақ 2 жыл немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырып, мүлкі тәркілеу көзделген. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық топ жасалып, аса ірі мөлшерде табыс тапқан болса әрі бірнеше рет жасалған жағдайда мүлкі тәркіленіп, 5000 АЕК (2024 жылы 18 460 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Сондай-ақ 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Айта кетейік, бұл заң темекі шекпейтін темекі өнімдерін жарнамалауға да тыйым салады.

Елордалық мектептердің бірінде оқитын 11-сынып оқушысы Диляның (аты-жөні өзгертілген – авт.) электронды темекіге әуес болғанына үш жылдан асқан. 9-сыныпта оқып жүргенде құрбыларымен бірге әлеуметтік желідегі жарнамаға қызығып, сатып алған. Бірден ұнап қалыпты. Қазір ол электронды темекіге тәуелді екенін мойындап отыр. Мектеп оқушыларының арасында «пар бар ма?» деген тіркес трендке айналған. Осылайша 2-3 мың теңге тұратын электронды шылымды мектеп дәретханасында 5-6 қыз болып бірге шегетінін жасырмады.