Қыз-келіншектерге қырындап тиісетіндерді жазалайтын бап кеңейтіледі
Мұндай жағдайға тап болғандар өздерінің жәбірленгенін дәлелдей алмай келген
Қызметте жүріп жыныстық азғындыққа ұшыраған қызметкерлер енді еңбек кодексімен қорғалуы мүмкін. Қыз-келіншектерге қырындап, қол жүгірткендерді жазалайтын бап кеңейтіле түспек. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Еңбек кодексінде жазылатын харассмент ұғымы тек еңбек ұжымдарын ғана емес, университеттер мен қоғамдық орындардағы еркінен тыс тиісуді де қадағалайды.
Харассмент – өзгенің денесіне қол жүгірту, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, басшылықтың қысымы мен телефон арқылы маза бермеу. Мұндай жағдайға тап болғандар өздерінің жәбірленгенін дәлелдей алмай келген. Басшысы қырындап, қол жүгірткен жағдайларды қыз-келіншектер қауымы жасырып қалады.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Еңбек кодексіндегі баптың кеңейтілуі үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтты.
Енді Еңбек кодексінде харассмент деген ұғым болады. Қазір «қоғамдық жерлерде тиісу» деген бап бар. Әкімшілік құқықбұзушылықтың аясында соны кеңейтіп қараймыз, – деді ол.
Бұл бастаманы қоғам арасында қолдаушылар көп. Олар еңбек жолында әйелдердің құқығы қорғалуға тиіс деп есептейді. Ал мамандар қоғамда жиі кездесетін оқиғаларға тосқауыл қою үшін заңмен тыйым салу қажет деп санайды. Өйткені басшының басынуы, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу іс жүзінде өте сирек қаралады дейді.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ер адамның оғаш көзқарасының өзі харассмент саналады. Тіпті сол үшін соттасып жатқандар да бар. Ал бізде, өкінішке қарай, мұндай жағдайларға жауапкершілік жоқ. Сондықтан қазір заң жобаларын реттеп, қадағалау қажет. Жақын уақытта болмаса да болашақта оның оң нәтижесі міндетті түрде болады, – деді заңгер Жангелді Сүлейменов.