Қор өкілі Мәжілісте көпбалалы аналардың ұсынысын жеткізді
Мәжіліс отырысына онлайн қатысқан «Қазақстан аналары бірлестігі» кооперативі қорының директорының орынбасары Айнаш Нұрымова көпбалалы аналардың жанайқайын жеткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алу өте қиын. Ол халықтың әлеуметтік осал топтары арасында әлеуметтік шиеліністі тудырады. Неге? Себебі, АӘК-ті алу процесі күрделі және ол адамды қорлайтын түрде өтеді. Адам оны алу үшін күнкөріс деңгейінің өте төмен екенін, кедей екенін дәлелдеуі керек, - деді Айнаш Нұрымова.
Оның айтуынша, бүгінде АӘК-ті отбасында еңбекке қабілетті адамы жоқ, қарт адамға күтім жасайтын, аз қамтылған, 3 жасқа дейінгі баласы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар, бірінші немесе екінші топта мүгедектігі бар адамдар, бөгде адамның көмегіне мұқтаж отбасылар алып отыр. Осыған байланысты көпбалалы аналар бұл көмекті алу талабын жеңілдетуді сұрайды.
Мәжіліс отырысына онлайн қатысқан Айнаш Нұрымова көпбалалы аналардың ұсынысын жеткізді:
«Олар алынған сәттен бастап, алғашқы 6 айлық курстан өткенде жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін кредитті, микрокредитті және өтеусіз грантты пайдалануға түсетін кірістер есептелмеуі керек», - деді Айнаш Нұрымова.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті алатын 66,5 мың отбасы бар.