Елімізде жер үйлерге газ тарту айтарлықтай арзандауы мүмкін
Қазір бұл қызметтің бағасы – 1-1,5 миллион теңге аралығында
Бүгін Мәжілістің үкімет сағатында үйге газ тарту бағасын төмендету мәселесі қаралды. Соның нәтижесінде елімізде жер үйге газ тарту жағы айтарлықтай арзандауы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Қазір газ құбыры жеке тұрғын үйдің жанына дейін жеткізіледі, ал кейін оны үйге кіргізу үшін 1-1,5 миллион теңге төлеу керек. Заң бойынша газ құбырын үйдің жанына дейін тартамыз. Qazaq Gas АҚ монополиясын тудыруы мүмкін деп компанияға бұл жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Оған біздің қатысымыз жоқ. Бұл нарықта ашық көрсетілетін қызмет. Алайда бүгінде газды үйге тарту құны 1-1,5 миллион теңге болса, Алматы облысында 300-500 мың теңге. Қызмет құнын төмендету туралы ұсыныс енгізгеміз. Егер QazaqGas АҚ бұл жұмысты атқарса, қызмет құнын айтарлықтай төмендетуге болады», - деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
«ШЕТЕЛДЕН ЖЕТКІЗІЛЕТІН ТАУАРЛАРҒА ТӘУЕЛДІМІЗ»
Qazaq Gaz АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов елімізде үйге газ тарту неге қымбат екенін түсіндірді.
Мұндай мәселе Нұр-Сұлтанда ғана емес, басқа қалаларда да бар. Бұрын бұл жұмысты біздің еншілес компания «ҚазТрансГаз Аймақ» жүргізген. Бірақ бізді шектеп тастады. Үйге газ тарту қанша? Біріншіден бағаның 70%-ы құрал-жабдыққа байланысты: қазан, комфорка және тағы басқа. Бұл тауарлардың барлығы шетелден келеді, яғни бәрі импорттық тауарлар. Қалған 30%-ы құрылыс-монтаж жұмыстарымен байланысты, - деді ол.
«БҰРЫН ҮЙГЕ ГАЗДЫ 313 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ТАРТҚАНБЫЗ»
Оның пікірінше, бұл мәселені шешу үшін отандық өндірісті дамыту керек.
«Біріншіден, шетелден жеткізілетін тауарларды Қазақстанда шығаруға болады. Оның еш қиындығы жоқ. Сонда бағаны айтарлықтай төмендетуге болады. Екіншіден, сервис. Бұрын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ компаниясы жұмыс істеген кезде үйге газ тарту бағасы 2-3 есе төмен болатын, яғни үйді газға қосу үшін 313 мың теңге алатынбыз. Бірақ біз нарықтағы жұмысты тоқтатқан кезде жеке сектор бұл қызмет бағасын 2-3 есе көтеріп жіберді. Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер бюджет бағдарламасына үйге газ тарту құнын да қосып, жұмысты сапалы жүргізуі керек. Қазір олар газ құбырын үйге кіргізбейді. Бұл мәселелерді реттесек, көп мәселе шешіледі», - деді Санжар Жаркешов.
«НАРЫҚТА БӘСЕКЕЛЕСТІКТІҢ ДАМУЫ ШЕКТЕЛГЕН»
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов Қазақстанда үйге газ тартумен айналысатын шамамен 200 компания барын атап өтті.
Талдауға сәйкес, ұлттық оператормен (Qazaq Gas АҚ) аффирленген компания көп. Бұл нарықта бәсекелестіктің дамуы шектелгенін көрсетеді. Қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Нарықтағы бағаны төмендету үшін (үйге газ тарту бағасын төмендету – автор) Нұр-Сұлтанда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құқығын уақытша ұлттық операторға мәселесін қарастырып жатырмыз. Салада бәсекелестікті одан әрі дамыту үшін жеке компаниялар да жұмыс істеуі керек, - деп сөзін түйіндеді Рустам Ахметов.