Halyq Uni логотип
×

«Бұл – біздің баспанамыз». Астанадағы саяжайлар әлі су астында тұр

Басқа барар жер, басар тауымыз болмағаннан кейін осында тұруға мәжбүрміз, - дейді тұрғын

 Еркеғали Болатұлы 19.06.2024 | 16:00
«Бұл – біздің баспанамыз». Астанадағы саяжайлар әлі су астында тұр
фото: дереккөз

Елордадағы Есіл жағалауындағы саяжайлар бірнеше айдан бері су астында тұр. Astana TV-ға жұрт коммуналдық қызметтер су тасқынына төтеп бере алмайды деп шағымданған.

Бұл – біздің баспанамыз, тіркеуіміз де осында. Басқа барар жер, басар тауымыз болмағаннан кейін осында тұруға мәжбүрміз. Балаларымыз бен қарауымыздағы мүгедектеріміз ауырып қалса, жолдың жоқтығынан жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Бақшаға еккен көкөністеріміз де суға батып кетті. Біздің ойымызша, бұл өзеннің қайта құрылуына байланысты. Көкталға қарай сарқырама жасалған. Ал біздің саяжайлар арал болып қалып отыр, айналамыз толған су, - дейді Клавдия Трошина атты тұрғын.

Оның айтуынша, мұнда коммуналдық қызметтер жиі келе бермейді. Тұрғындар олардың жұмыс нәтижелерін көрмегеннен кейін шақыруды қойған.

Наурыздан бері 109-ға қоңырау шалып шаршадық. Жұмыстарының нәтижесі жоқ, ешкім ештеңе істемейді. Апта бойы күніне 2-3 сағаттан жұмыс істейді де бензин таусылды, әкімдік бензин бөлмеді деп жұмыстарын тоқтатады. Бір айдан бері көрінбеп еді, соңғы 2 күнде қайта төбе көрсете бастады. Алайда сол баяғы жұмыстарының жемісі жоқ, су кетіп жатқан жоқ. Ешкім ештеңе істемейді, тіпті естігісі де келмейді. Қайдан көмек сұрарымызды білмей дал болдық, - дейді Клавдия Трошина.

Аудан әкімдігі саяжайлар Есіл өзені деңгейінен төмен учаскелер мен үйлердің болуына байланысты суға батқанын, алайда коммуналдық қызметтер оның салдарын жою үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Бұған дейін аудан әкімдігі мен ТЖБ күшімен «Газмашаппаратура» саяжай қоғамы ауданына өрт сорғы станциясы, ассенизатор машиналары, мотопомпалар қойылған болатын. Қазір учаскеде суды ағызу және сору үшін мотопомпалар жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, кешеден бастап суға түсу нүктелерін іздейтін сүңгуірлер жұмысқа тартылды», - деді Нұра ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Әйгерім Ақшолақова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама