Абай облысында әйелін пышақтап тастаған тұрғын сотталды
Айыпталушы кінәсін ішінара мойындағанмен, оны өлтіру туралы ойламағанын айтқан
Абай облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткені үшін полицияға арызданған әйелін өлтіруге оқталған ер адам сотталды, деп хабарлады облыстық сот.
Соттың Facebook-тегі ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, отбасылық жанжалдан кейін әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып, полиция бөліміне арыз берген. Осы жағдайдан кейін айыпталушы әйелін өлтіруге оқталған.
Ол «Алдымен мен сені өлтіремін, сосын өзім өлемін» деген сөздермен зайыбының кеуде мен мойын тұсына пышақпен соққы жасаған, - делінген хабарламада.
Сотта айыпталушы кінәсін ішінара мойындағанмен, өлтіру туралы ойламағанын, тек оған дене жарақатын салғысы келгенін айтқан. Алайда оның кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындыларымен дәлелденді.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бөлігі 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған «Кісі өлтіруге оқталу» бабымен 8 жылға бас бостандығынан айыру жасасы кесілді.
Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.