«Астана су арнасы» осы бағыттағы жұмыстың 2017 жылы басталғанын мәлімдеді
Елордада көлік жуу орындарына бір ай ішінде суды тазартып, қайтара қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты орнату туралы талап қойылды. Бұл жабдықты орнатпаған көлік жуу орындарына су беру тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кәсіпкерлер палатасына келген көлік жуу орындарының иелері бұл талапты бір айдың ішінде орындау мүмкін емес екенін айтады.
Біріншіден, айналымдағы сумен жабдықтау жүйелерін орнату айтарлықтай қаржылық инвестиция мен уақытты қажет етеді. Көптеген автокөлік жуу орындарының иелері бұл шараларды тез жүзеге асыру үшін жеткілікті қаражатқа ие болмауы мүмкін.
Екіншіден, айналымдағы сумен жабдықтау жүйелерін техникалық орнату және баптау білікті мамандардың қатысуын талап ететін күрделі процесс. Талаптарды орындау үшін ұзағырақ уақыт беру кәсіпкерлерге қажетті ресурстарды табуға және банкроттыққа әкелуі мүмкін қаржылық стресстен аулақ болуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл құзыретті мамандарды тартуға және жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, тиімдірек және ұзақ мерзімді нәтижеге әкеледі, – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин.
Кәсіпкерлер көлік жуу орындарына су беруді тоқтату мәселені шешпейтінін, керісінше көптеген көлік жуу орындарының жабылуына әкелетінін айтып отыр. Сәйкесінше, бұл әлеуметтік және экономикалық мәселелерге, жұмыс орындарының азаюына және салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі деп есептейді.
«Астана су арнасынан» суды орталық кәріз жүйесіне жібермес бұрын тазалау жүйесін орнату қажет екені туралы хат алдық. Бұл талап көлік жуу бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер үшін тым қатаң деп есептейміз. Біздің міндетіміз тек көлік жуу, ал суды тазалап, қайталап айналымға енгізумен «Астана су арнасы» айналысуы керек. Кәсіпкерлер бұл құралды сатып алу шығынын көтере алмайды. Қаладағы барлық көлік жуу орындары бір айдың ішінде пайдаланылған суды тазарту жүйесін орнату туралы хат алды. Біз бұл қондырғыны қайдан алуға болатыны, қанша тұратынын білмейміз. Өйткені оның түр-түрі бар, сапасы да әртүрлі. Сондай-ақ көлік жуу орындарында бірнеше бокс болады. Бір қондырғы қандай көлемге есептеледі? Одан да хабарымыз жоқ. Біздің ойымызша, бұл қондырғы қымбат тұрады, оны тек мемлекеттің өзі ғана сатып алып, орната алады. Бір көлікті жуғаны үшін әрі кетсе 5 мың теңге тауып отырған кәсіпкер оны ала аламайды», - деді көлік жуу бекетінің иесі Владимир Мартель.
Оның айтуынша, мұндай ескертуді тек елордалық кәсіпкерлер емес, еліміздің барлық өңіріндегі көлік жуушылар алған.
Заңға сәйкес біз суды қайтара айналымға енгізуге тиісті екенімізді айтып отыр. Қазір 300-ге тарта көлік жуу орны бар, онда 3 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Егер бұл қондырғыны орнатпағаны үшін көлік жуу орындарын жауып тастаса, қаншама адам жұмыссыз қалады. Еңбек нарығында онсыз да жұмыссыздар аз емес. Дәл қазір Қазақстанда ондай қондырғы жеткіліксіз, барлық көлік жуу орындарына жетпейді. Тіпті, қаржы тапқан күннің өзінде оны сатып ала аламаймыз. Сондықтан біз «Астана су арнасы» өзінің суды жеткізу және ағызу міндетін кәсіпкерлерге артқанын қаламаймыз. Мұнымен кәсіпорынның өзі айналысуы керек, - дейді кәсіпкер.
Айтуынша, суды бірнеше көлік жууға пайдаланса, ол тұтынушының көңілінен шықпауы мүмкін.
«Біз – тұтынушымыз, өзімізге жүктелген міндеттемелді орындап келеміз. Суды бір пайдаланып, оны тазалап келесі көлікті сол сумен жусақ, бұл тұтынушының көңілінен шықпауы мүмкін. Себебі қалай болғанда да, судың сапасы нашар болады. Суды бір орталықтан тазарту ғана оны үнемдеу мен қайталап кәдеге жарату сапасын арттыра алады», - дейді Владимир Мартель.
Көлік жуу орындарының иелері осы қызмет түріне жеңілдікпен несие беру бағдарламасын әзірлеуді және тұтынушылардың шектеулі санына қызмет көрсететін және суды аз тұтынатын шағын көлік жуу орындарына уақытша алып тастауды енгізуді сұрап отыр.
Бізге уақыт керек. Ол қондырғы арзан тұрмайды. Қазір 50 шақты кәсіпкер орнатты деп жатыр. Ол тек муляж. Өйткені ол шетелден келеді, кемі 10 млн теңге тұрады. Бізде ондай ақша жоқ. Сондықтан уақыт беруін сұраймыз. Субсидия бере ме, әйтеуір мемлекет бұл мәселеге бей-жай қарамауы керек. Кәсіпкерлердің көбі жерді жалға алып отыр, жеке меншік ғимараты жоқ. Бүгінде менде 4 жігіт жұмыс істейді. Су берілмесе, жабуға тура келеді. Олар қайда барады? Біз ол қондырғыны орнатудан қашпаймыз. Қазір 1-2 млн теңге тұратын қондырғыларды ұсынып отыр. Ол суды дұрыс тазаламайды, оны орнатқаннан не пайда?, - деді кәсіпкер Толқын Көпеева.
«Астана су арнасы» МКК мәліметінше, кәсіпкерлерге суды тазартып, қайтамала пайдалану үшін қондырғыны орнату туралы талап Қазақстанда 2017 жылдан бері бар. Тиісті талап Су кодексінде айқындалған.
«Бұл талап Су кодексіне сәйкес қойылып отыр. Қазақстанда бұл жұмыс 2017 жылы басталды, кәсіпкерлерге су үнемдеу жүйесін орнату туралы ескерту жіберілді. Былтыр Астанада су тапшылығы болды. Содан кейін қаладағы көлік жуу бекеттеріне ескерту қайтадан жіберілді. Соңғы жіберілген ескертуден кейін 50 шақты көлік жуу орны сол қондырғыны орнатты. Елордада көлік жуу бойынша 272 келісім жасалған. Қалғандары әлі күнге дейін орнатпағанына қарамастан, бірде-бір көлік жуу бекеті судан ажыратылған жоқ. Әзірше жұмыс тек ескерту түрінде жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта судан ажыратылуы мүмкін», - деді кәсіпорын өкілі Данияр Омаров.
Оның айтуынша, қазір Астанада көлік жуу үшін ауыз су пайдаланылып жатыр.
Ауыз су – қазір планетадағы ең құнды ресурс. Оны көлік жуу үшін пайдалану ақылға сыймайды және рентабельді емес. Бұл қондырғыны орнатпағаны үшін айыппұл салынбайды. Тек судан ажыратылуы мүмкін. Шамамен бір бокс айына 50 текше метр су пайдаланады. Бір көлік жуу бекетінде бірнеше бокс болуы мүмкін. Бүгінге дейін суды тазарту қондырғысын орнатқан көлік жуу орындарында 30-40 пайыз су үнемделгені байқалады. Судың үнемделуі орнатылған жүйеге байланысты болады, - деді Омаров.