Балалар ауруханасына қол-аяғы сынып, күніне кем дегенде 2-3 науқас түседі
Шымкентте жыл басынан бері 108 адам скутер жүргізіп, жол апатына түскен.
Otyrar.kz-тің хабарлауынша, балалар ауруханасына қол-аяғы сынып, күніне кемінде 2-3 науқас түседі. Олардың алған жарақаты да жеңіл емес.
Қазір оқушылардың жазғы каникулы басталғалы бері Шымкентте электромопед мінген жасөспірімдер де көбейген. Олардың жол ережесін дұрыс білмеуінен жеңіл көлікке соғылып, балалар ауруханасында жатқан жеткіншектердің саны артқан.
Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Болат Нұсқабаевтың айтуынша, соңғы 5 айда жарақатпен келген науқастар саны 9 мыңнан асады. Оның 416-сы жол-көлік апатына түскен. 416-сының 108-і – скутер, электромобильді мініп көшеге шығып кеткен жасөспірімдер.
Қалада мотоцикл мінгендер арасында да жүргізуші куәлігі жоқ жастар көп. Енді ережеге бағынбайтын оларға қатысты рейдтік жұмыстар жиі жүргізіледі.
Шымкент қаласы жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Мұхтар Орынбековтің пікірінше, егер мопед, электросомакат жүргізушілері жол жүру ережелерін қатаң бұзатын жағдайда олар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 616-бабымен жауапқа тартылады.
Электромопед мініп, жол апатына түскен жасөспірімдер арасында адам өлімі тіркелмеген. Бірақ алған жарақаттары жеңіл емес. Бірінің миы шайқалып, басы жараланса, тағы бірінің аяқ-қолы сынған. Кей науқаста аталған жарақаттың үшеуі де кездеседі, – деді ол.