×

Оралда үйін су басқан тұрғындардың құжат тапсыруына жағдай жасалмаған

«Әділдік жолы» белсенділері мәселе көтергеннен кейін арнайы орын бөлінді

 Ербол Тұрымбет 19.06.2024 | 11:10
көрнекі фото: facebook

Орал қаласында әкімдік ғимаратының алдына жиналған жұрттың суреті әлеуметтік желіде жарияланды. Автордың жазуынша, көктемгі тасқын кезінде үйін су басқан тұрғындар құжаттарын тиісті мекемеге тапсыру үшін таңнан кешке дейін аптап ыстықтың астында кезегін күтуге мәжбүр.

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының жетекшісі Бауыржан Зәки Ахметжанның жазуынша, үй суға кеткен азаматтар соңғы 2 аптадан бері құжаттарын құшақтап қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің алдын торып жүр.

Қоғам белсендісі таңғы сағат 07:00-ден бастап бөлімше алдына жиналатын жүздеген адамға еш жағдай жасалмаған.

  • Күн өте ыстық: +36;
  • Көше тар, көлік қоятын бос орын жоқ;
  • Айналада көлеңкелейтін, саялайтын жер аз;
  • Кезегін күткен адамдардың бірі жерде, бірі бордюр үстінде отырады;
  • Кезек жүйесі реттелмеген;
  • Кейбір тұрғындар кішкентай балаларымен бірге жүр;
  • Кезегін күткендердің арасында әйелдер мен қарт адамдар да бар;

«Әділдік жолы» өкілінің жазуынша, осы мәселе әлеуметтік желіде көтерілген соң жергілікті әкімдік қимылдай бастаған. Бұдан былай күн астында кезегін күткен тұрғындарды АМАNAТ партиясы филиалының ғимаратында қабылдайтын болды. Жергілікті жастар ұйымының өкілдері де көмекке келіп, құжат тапсыруға келген халыққа көмек бере бастаған.

Айта кетейік, әкімдік мәліметінше, Орал қаласында су тасқыны салдарынан келген шығынды өтеу бойынша құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Қалалық комиссияға шығынды өтеу бойынша тұрғындардан 10 492 өтініш түскен. Техникалық зерттеу мекемелері жалғыз үйі бар 3 мың азаматтың мекенжайы бойынша тексеру жүргіілген.

Қалалық комиссия бүгінге дейін 2700-дей материалды қарап, комиссия қорытындысы бойынша 500-ге жуық отбасына жаңа тұрғын үй берілген.

Сондай-ақ бүлінген мүлікті өтеу бойынша 4 мыңнан аса үйдің шығыны бағаланып, қорытынды шыққан. Жұмыс әлі жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама