Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны шамамен 740 мың адам алып отыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға шамамен 289 млрд теңге жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнің берілгенін хабарлады.
Жыл басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге 255,5 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 33,5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер төленді. 1 маусымдағы жағдай: мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,8 мың болса, 198,2 мың адам асыраушысынан айырылған адамның қатарына тіркелді, – делінген хабарламада.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.
Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93,7 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 62,8 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылдағы МӘСҚ-ке әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.
Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша іске асырылады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7% - ға өсті. Үкіметтің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ға артты.
Мәселен, осы жылы жалпы аурудан Мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1 топ үшін 95 496 теңге, 2 топ үшін 76 397 теңге, 3 топ үшін 52 089 теңге болды.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері – 57 090 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша – 58 738 теңге.