Бүгінде өңірде «А» вирустық гепатитімен 25 адам ауруханаға жатқызылған
Павлодар облысында «А» гепатитін жұқтырғандар көбейді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, адам аурудың бұл түрін ластанған тағамдар мен суды ішкен кезде жұқтыруы мүмкін.
Департамент басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, Павлодар облысы – халықтың тұрақты көші-қоны кезінде вирустық гепатиттердің таралуы мүмкін өңірлердің бірі. Мәселен, бүгінде облыста «А» вирустық гепатитімен 25 адам ауырып жатыр.
Науқастардың көбі – ересек адамдар. Олар дертті жұқтырғандардың 72 пайызына жетті. Ауырып жатқандардың 28 пайызы – жасөспірім. Бұл ауруға 18-39 жас аралығындағы ересектер мен вакцина алмаған балалар жиі шалдығады. Олар «А» гепатитін жұқтыруға бейім болады. Қазақстан Республикасында жоспарлы вакцинация балаларға 2 жастан бастап, 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі. Тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін салынады, – деді ол.
Қазір «А» вирустық гепатитінің белең алуы байқалады. Көптеген ішек инфекциялары сияқты «лас қол ауруы» деп атайды. 70-жылдардың басына дейін бұл ауру сарыауру, «Боткин», «инфекциялық сарғаю», «эпидемиялық гепатит» деп аталған.
Аурудың басталуын үйде анықтау қиын. Өйткені көптеген ауруға ұқсас әлсіздік, бас ауруы, шаршау, жүрек айнуы сияқты белгілер байқалады. Отбасында «А» гепатитінің таралуын болдырмау үшін науқас адамды аурудың бірінші күнінен бастап ертерек оқшаулау маңызды және қайнатылмаған суды тұтынбау керек, – деді Батырбек Әлиев.
Облыстың бас санитарлық дәрігері «А» гепатитімен күресудің негізгі тиімді әдістері тазалық пен шірімеген, бұзылмаған азық-түлікті тұтыну екенін айтты.