16 маусымнан бастап тиісті заң күшіне енді
Қарағанды облысында отбасының шырқын бұзған 10 адам жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
16 маусымнан бастап мемлекет басшысы 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Заң әйелдер мен балаларға, соның ішінде отбасында кездесетін зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтіп, оларды қорғауға бағытталған.
Бүгінде Қарағанды облысында отбасындағы зорлық-зомбылық дерегі үшін 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жаңа заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың тізімін 46 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны бастады, – деді Қарағанды облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, 16 маусымда сағат 02:00 шамасында теміртаулық тұрғын отбасында шыққан кикілжің барысында өзінің әйелін ұрып-соққан. Күдікті жасаған қылмысын толық мойындады.