Алматыда героиннің аса ірі партиясы табылды (ВИДЕО)
Полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен 60 жастағы ер адамды ұстады
Алматы қаласының полициясы героиннің аса ірі партиясын тәркіледі.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, полицейлер есірткі сақтады деген күдікпен 60 жастағы ер адамды ұстады. Оның үйін тінту кезінде күдіктіден ақшыл түсті ұнтақты зат салынған екі бума табылды. Содан кейін есірткі тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адамның тұрғылықты жерін тінту кезінде ашық түсті ұнтақты заты бар тағы бір бума тәркіленді. Жатын бөлмедегі кереует астынан екі Байкал пневматикалық және травматикалық тапанша мен 12 калибрлі бір ұңғылы шолақ мылтық табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат героин болып шықты. Қарудың кімдікі екендігі анықталып жатыр, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, ұсталған азаматтың бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін бірнеше рет сотталғаны белгілі болған. Тергеу кезінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.