Шаруа қожалығының басшысы мемлекетке 199 млн теңге залал келтірген
Оған қатысты сот үкімі шықты
Қостанай қаласының №2 сотында шаруа қожалығының басшысына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, айыпталушы Салық кодексінің талаптарына сәйкес, пайдалану мерзімі шығарылған күннен бастап 7 жылдан асатын жақын және алыс шет елдерден ЕАЭО (Кеден одағы) аумағына жеткізілетін жүк көліктерін бастапқы тіркеуді іске асыру үшін қомақты соманы төлеуге міндетті екенін анық біле тұра, құқық белгілейтін құжаттарда шығарылған жылдары өзгертілген жүк көліктерін бастапқы есепке қоюды көздейтін қылмыстық жоспар әзірлеген.
К.-нің қылмыстық әрекеті салдарынан 2020 жылдың наурызы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында 28 жүк көлігі тіркеліп, мемлекетке көліктерді бастапқы тіркегені үшін төленбеген алымдар түрінде жалпы көлемі 199 млн теңге ірі мүліктік залал келтірілген. Сотталушы К. өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, азаматтық талапты толық мойындады. Сот отырысы барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалды толығымен өтеді, – делінген сот хабарламасында.
Жасалған қылмыстың сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайды ескеріп, шаруа қожалығының басшысына пробациялық бақылауды белгілей отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.