СҚО-да алқабилер қарақшылық және кісі өлтіру ісінде ақтау үкімін шығарды
Үкім шығарған кезде олардың кінәлі екені дәлелденбегеніне сүйенген
Солтүстік Қазақстан облысында алқабилер қылмыстық іс бойынша ақтау үкімін шығарды. Бұл туралы облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Екі адамға қатысты қылмыстық іс қылмыстық кодекстің 192-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы, қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7,8-тармағы бойынша қаралды. Бұл баптарда қарақшылық шабуыл жасау және кісі өлтіру әрекеті көрсетілген. Сонымен қатар сотталушылардың бірі бөтеннің мүлкін ұрлады деп айыпталған – қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі 1, 2, 3-тармағы.
Айыптау актісіне сәйкес, айыпталушы жәбірленушінің үйінің ауласына кіріп, оны өлтіріп, 150 мың теңгесін ұрлап кеткен. Екі айдан кейін айыпталушылардың бірі әжесінің, одан кейін досының 2 млн теңгеден астам ақшасын ұрлаған.
Істі алқабилер соты қарады. Олар тонау және кісі өлтіру бойынша айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Үкім шығарған кезде олардың кінәлі екені дәлелденбегеніне сүйенген.
Сотқа тартылған екі азаматтың бірі бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол кінәсін мойындады, сондай-ақ оның әрекеті іс материалдары негізінде дәлелденді.
Жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмағаны, кінәсін ішінара мойындауы және 3-топтағы мүгедектігі бары ескерілді. Жазасын ауырлататын мән-жай анықталмаған. Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.