Шымкентте 21 тұрғынды алдаған алаяқ 4 жылға сотталды
Жәбірленушілер 34 млн теңгелерінен айырылған
Шымкент қаласының тұрғыны екі жыл бойы азаматтарға «мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға көмектесемін» деп алдап келген. Алаяқтың арбауына 21 тұрғын түсіп, жалпы сомасы 34 млн ақша берген. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алаяқтықты кәсіп еткен 27 жастағы азаматша қала аумағында соғылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерден танысы арқылы пәтер алып бере алатындығын айтып, өзін жарнамалап тұрғындардың сеніміне кірген. Адамдардан алған ақшаларын өз пайдасына жаратып отырған.
Тергеу жұмыстарының нәтижесінде оның бір азаматшаның үйіне бала күтушісі ретінде орналасып, сеніміне кіру арқылы банк картасын иемденгені белгілі болды.Одан кейін өзінің ұялы телефонына оның арнайы қосымшасын орнатып алып, басқа жәбірленушілердің ақшаларын осы картаға түсіріп отырған. Бұл жайында білген жәбірленуші полицияға арызданған. Бұдан өзге басқа жәбірленушілерден алған ақшаны кездейсоқ адамдарға өтініш жасап, банкоматтардан шешіп жүрген. Үйді ала алмай, алданғанын білген тұрғындар полицияға арызданған.
Тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында куәлерден жауап алынып, сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Банктік аударымдар тексерілгеннен кейін азаматшаның алаяқтық ісі толық дәлелденді, – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық істі жасағаны үшін азаматша 4 жылға сотталды.